«Байланыс операторлары міндеттемесінің сақталуын ескере отырып, барлық жерде байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейту қажет. Халық пен бизнестің көптеген проблемаларының жедел шешімі осыған байланысты. Ел аумағындағы әрбір елді мекенге дейін тартылатын кеңжолақты интернет инфрақұрылымының экспозициясын айқындау қажет», - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, интернет трафигінің жылдамдығы нақты көрсетілуі тиіс.
«Қысқа мерзімде ұлттық жобаны пысықтап, Президент Әкімшілігіне жеткізу қажет. Халық пікірін ескере отырып, барлық проблема мұқият пысықталуы тиіс. Бұл мәселені өз бақылауымда ұстаймын», - дейді ол.
Бұған дейін Премьер-Министр байланыс операторларының интернет сапасына жауапкершілігін сынаған еді.
Сондай-ақ, жыл басталғалы байланыс сапасына қатысты 5 мыңға жуық арыз-шағым түскені белгілі болды.
Одан бөлек, министр Бағдат Мусин елімізде әлі де 1,5 мыңға жуық ауыл кеңжолақты мобильді интернетке қосылмағанын айтып өтті.