«Тағы бір маңызды мәселе – жабдықтардың тозу деңгейі өте жоғары болып отыр. Машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш орта есеппен 40 пайызға жуық. Сондықтан, оны мүмкіндігінше жаңғырту керек. Ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін қаржы көздері қолжетімді болуы тиіс. Оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек», - деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, мұнай-газ машиналарын жасау секторының да даму әлеуеті жоғары. Қазір бұл саладағы өндіріс көлемі шамамен 160 млн долларды құрайды. Ал, импорт 1,6 млрд доллардан асады.
«Көріп отырғанымыздай, ондаған есе айырма бар. Оны барынша қысқарту керек. Отандық жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін 2020 жылы ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығы ашылды. Жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Осыған дейін Саранда теледидар, шаңсорғыш және кір жуатын машина шығаратын зауыт іске қосылатыны хабарланды.