Әлихан Смайылов: Үкіметтің атқарып отырған жұмысын халыққа жүйелі түсіндіру маңызды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов халқымызға Үкіметтің атқарып отырған жұмысын жүйелі түсіндіру аса маңызды екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірінші. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бағдарламадағы іс-шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етсін. Екінші. Индустрия, Ауыл шаруашылығы, Энергетика және тағы басқа министрліктер мен әкімдіктер тұрақты жұмыс орындарын құру үшін өнім өңдеу саласында инвестжобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелерін пысықтасын», - деді Әлихан Смайылов бүгін Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы үшіншіден, Еңбек министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, еңбек табысындағы айырмашылықты азайту жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылауды тапсырды.

«Төртінші. Тиісті мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына» қоры, әкімдіктер жұмыскерлер жалақысын ұлғайтуды, сондай-ақ бюджеттік қызметкерлердің орташа жалақысын арттыруды қамтамасыз етсін. Бесінші. Ұлттық экономика министрлігі халықтың табысын арттыру үшін негізгі капиталға инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашуға негізделген KPI бойынша мемлекеттік органдардың, барлық деңгейдегі әкімдіктердің тиімділігі мен рейтингін бағалауды қамтамасыз етсін. Халқымызға Үкіметтің атқарып отырған жұмысын жүйелі түсіндіру аса маңызды. Ақпараттық жұмыс барша мемлекеттік органдардың басты назарында болуы тиіс», - деді Премьер-Министр.