Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраевтың айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап алкоголь өнімін өндірушілерге, көтерме және бөлшек саудада өткізушілерге есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспаптарынсыз алкоголь өнімдерін сақтауға және өткізуге тыйым салынған. Осы норманы сақтамағаны үшін 50-ден 600 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатындығын еске салды.
«Қолдан жасалған өнімдерден қорғалу мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті Wipon және Wipon PRO қосымшаларын іске қосты. Бұл қосымшалар арқылы сатып алушылар мен кәсіпкерлер есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасамағандығын және сатылатын алкоголь өнімін жалғандығын біле алады. Аталған қосымшаларды пайдаланудың нәтижесі қандай? Осы норманы енгізгеннен кейінгі 1 жылдың ішінде жағдай қаншалықты өзгерді? Бұл бағытта қосымша тағы қандай шаралар қолдануға болады?», - деп сұрады депутат Қаржы министрінен.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Wipon арнайы қосымшасы тұтынушыларға, ал Wipon PRO қосымшасы кәсіпкерлер мен сатушыларға арналған.
«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аталған қосымшалардың көмегімен 34 млн бөтелке тексерілді. 330 мыңға жуық бөтелке тексеруден өтпей қалды. Жалпы, Мемлекеттік кірістер органдары осы мәліметтердің негізінде алкоголь өнімдерін өндіретін, спирт шығаратын жасырын 23 цехты жапты. Бұл жұмыс одан ары жалғасады. Біздің ойымызша жеке кәсіпкерлер осы сияқты өзге де қосымшаларды нарыққа шығаруы керек», - деді ол.
Сонымен қатар Ә.Смайылов алкогольді өнім шығаратын 46 зауытқа бақылау құрылғылары орнатылғанын айтты.
«Олар күндіз-түні өндірістің көрсеткіштерін, электр тұтыну көрсеткішін көрсетіп тұрады. Осы бақылау аспаптарының көмегімен былтыр 2 ЖШС-ның лицензиясын қайтарып алдық. Себебі олар заңсыз алкоголь өнімдерін шығарып келген», - деді министр.