Әлихан Смайылов: Жамбыл облысындағы ең өзекті мәселенің бірі – сумен қамтамасыз ету

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінде өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі сумен қамтамасыз ету болып отыр. Мәселен, облыстағы 367 ауылдың 285-і ғана ауызсумен қамтылған. Облыс орталығы орталықтандырылған сумен 94%-ға, Шу қаласы 67%-ға қамтамасыз етілген.


Су тарту бойынша да проблемалар бар. Атап айтқанда, облыс орталығында кәріз-тазарту құрылыстары жоқ, ал 1962 жылы салынған ағын суларды сүзу алаңдарының әбден тозығы жеткен.

«Шу және Талас өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуіне, суару жүйелерінің тозуына байланысты облыс егіншілері жыл сайын судан тапшылық көріп отыр. Осы мәселелер бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдау керек», - деді Әлихан Смайылов.


Осыған байланысты Үкімет басшысы су үнемдейтін технологияларды белсенді пайдаланып, гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртып, магистралдық каналдарды бетондау қажеттігін айтты. Оған қоса вегетациялық кезеңде су ысырабын болдырмау үшін үш үлкен, сондай-ақ бірқатар шағын су қоймасын салу керек.


Өңірдің даму перспективаларын ескере отырып, Премьер-Министр жылумен жабдықтау нысандары мен желілеріне, оның ішінде моноқалаларда техникалық тексеру және жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы айтты.

Үкімет басшысы Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарының елді мекендерін газдандыру жобаларына қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, биофармацевтикалық зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту мақсатында құрылыс жұмыстарының 2-кезеңін биыл жыл соңына дейін аяқтауды, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жобаларын қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырды.