Алик Шпекбаев «Ақмола – адалдық алаңы» жобасымен танысты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Ақмола облысына іс-сапары барысында Ақкөл ауданының белсенділерімен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Кездесуде Ақмола облысы әкімінің орынбасары, «Ақмола - адалдық алаңы» жобасының кураторы Қанат Идрисов тұрмыстық жемқорлықты азайту және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жобаны іске асырудың нәтижелерімен таныстырды.

Маңызды жаңа бастаманың бірі, оның айтуынша, балаларды мектепке қабылдау және реттеу бойынша aqmola.kz жүйесін одан әрі жетілдіру, сол арқылы аталған үдерістің ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету. Бұл шара балаларды бірінші сыныптарға іріктеу барысында туындайтын тұрмыстық жемқорлық тәуекелдерін жойып отыр. Бұған дейін мектептің әкімшілігімен келісу арқылы сыныптарды өз қалауынша қалыптастыру, немесе белгілі бір балаларды «мықты» сыныптарға, беделі және кәсіби дәрежесі жоғары мұғалімдерге беру кездескен.

«Кез келген ата-ана өз баласын зор еңбегі сіңген және беделі жоғары педагогтардың сыныптарына, басқа сөзбен айтқанда «қажетті» сыныпқа орналастыру мүмкіндігіне ие болып, қалған сыныптар болса қалдық қағидаты бойынша құрылды. Бұл ата-аналардың да, мұғалімдердің де наразылығын тудырды. Осыған орай жобалық кеңсе аталған жаңашылдықты енгізуді жөн көрді. Бүгінгі таңда балаларды сыныптарға іріктеу үдерісі автоматтандырылды», - деп мәлімдеді Қанат Идрисов.

Сонымен қатар жобаның кураторы Агенттік Төрағасын жобалық кеңсенің құрамымен таныстырды. Қазіргі уақытта жобалық кеңседе 13 адам жұмыс істейді. Ол түрлі салалардан шыққан, азаматтық және мемлекеттік секторлардың өкілдері. Сонымен қатар жобаның әрбір бағыты бойынша жобалық топтар мен сарапшылар кеңесі жұмыс істейді. Оларға шамамен 60-тан астам қоғам өкілдері тартылды. Оған қоса әрбір ауданда және облыстық маңызы бар қалада жобаны жергілікті жерлерде іске асыру үшін жауапты азаматтық және мемлекеттік қызметшілер бар. Осылайша, бүгінгі таңда «Ақмола - адалдық алаңы» жобасы өз ортасына жемқорлыққа қарсы барлық бастамаларды біріктіріп, барлық қоғам тартылған жемқорлыққа қарсы қозғалыстың орталығы болып отыр.