«Соңғы 3 жылда қылмыстық-атқару жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 40 қылмыстық іс қозғалып, 38 адамның ісі сотқа берілді. Заң алдында бәрі тең деген қағидатты ұстана отырып, қатардағы қызметкерлерден бастап, заң бұзған жетекшілер де жауаптан жалтарған жоқ. Осы аралықта түрменің 11 бастығы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Мәселен, Жамбыл облысының қылмыстық-атқару департаментінің бастығы сотталушыға жазасын өтеу орнында жайлы жағдай жасап бергені үшін сотталды», - дейді Алик Шпекбаев Астанада өткен «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» ұлттық жиналысында.
Агенттік төрағасының орынбасарының айтуынша, департаменттің бұрынғы басшысы колония бастықтарынан ақша алып отырғаны үшін 8 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген. Полковник шенінен айырылған.
«Талдау жұмыстары түрме бастықтарының сотталғандарға жайлы жағдай жасауы себебінен жауапқа тартылатындарын анықтап отыр. Мысалдар көп. Мәселен, ШҚО-да түрме бастығы сотталған адамның жазасын жеңілдету үшін 260 мың теңгелік теледидар сыйға алған. Бүгінгі таңда заң алдында бәрі тең екенін тағы да атап өткім келеді», - дейді ол.
Айта кетерлігі, Астанада тұңғыш рет «Түрмелерді тиімді басқару: бас бостандығынан айыру орындарында сыбайлас жемқорлықты жою» тақырыбында ұлттық жиналыс өтіп жатыр. Жиынға құзырлы ведомстволардың басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Ұлыбриятания елшілігінің өкілдері қатысуда.