Алимент өндіру ісіне реформа қажет пе
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде алимент өндіру ісі сотта қаралады, оның орындалуын прокуратура бақылайды. Ал Әділет министрлігі істі сот орындаушыларына тапсырады. Қазір айлығын азайтып көрсететін әке, бұрынғы жұбайынан ақша талап еткен ана өзара келісе алмай, бала бағу қиындап кетті. Kazinform алимент өндіру мен оған қажетті реформа жайын саралап көрді.
Заң не дейді?
Алимент өндіру ісі елімізде «Неке және отбасы туралы» кодекс негізінде қаралады. Кодексте «алимент — бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат» деп жазулы тұр.
Мөлшері бала санына қарай өзгеріп отырады. Бір балаға табысының төрттен бірін беруі тиіс. Яғни, 100 мың теңге есептелсе, 25 мың теңге баланы асырауға бөледі.
Екі балаға табыстың үштен бір бөлігі, үш және одан да көп бала болса, тең жартысы тиесілі.
Әке неге алимент төлеуден қашқақтайды?
Ерлі-зайыпты ажырасқан кезде көп жағдайда бала анасының жанында қалады. Ал әке асыраушы қамытын бірден шешіп тастай алмайды.
Ол әрі қарай да өз баласын бағып-қағып, сұрағанын беріп, қолдау көрсетуі тиіс. Алайда көп жағдайда әке қашқақтап, анасы сот пен сот орындаушыларын жағалап кетеді.
— Кейбір борышкер — жеке кәсіпкер. Сәйкесінше олар мемлекеттік кірістер басқармасына табысы туралы ақпарат беріп, салық төлейді. Кейде сол жеке кәсіпкер өзіне ең төменгі жалақыны белгілеп, табысын жасырын ұстайды. Ажырасқан соң аз ғана айлығын көрсетіп, екі арада араздық өрши түседі. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге десек, оның 10% салыққа ұсталады. Қолға тиген 76 500 теңге деп есептесек, соның төрттен бір бөлігін, яғни, 19 125 теңгені беруі тиіс. Әрине, бір балаға бір айға бұл жетпейді. Осы кезде оның бұрынғы табысын білетін, көрген әйел берешекті анықтау қаулысына келіспей, сотқа жүгінеді. Мысалға 100 алимент төлеуші болса, өкінішке қарай оның 40-50-і ең төменгі жалақыны көрсетеді, — деді сот орындаушы Нұрлан Зинеғалиев.
Дәл осы тұста сот орындаушылары өзі зерттеу жүргізіп, тергеуге алмайды. Ресми құжат сұратады, сол құжат негізінде сот актісін орындайды.
— Шын мәнінде кәсіпкер, бірақ оны жасырын ұстауы, үшінші бір тұлғаның атынан жұмыс жүргізуі мүмкін. Өндіріп алушы мүлкін, кәсібін ата-анасының атына аударып қойғанын айтады. Тіпті солардың есепшотын қолданып, жұмыс істейтіндер бар. Бәрін айтып келеді. Алайда біз сот орындаушы ретінде тек құжатты ғана тіркеп, соны негізге аламыз. Біз борышкермен де, өндіріп алушымен де сөйлесіп, сұраймыз. Сот орындаушы заң аясында барлық мүмкіндікті пайдаланып, өндіруге күш салады. Ал борышкерде сана болмаса, «менің балам бар, оған көмектесуім керек, ол жақсы өмір сүруі керек» деген ой мазаламаса кейбір заң талаптары, мәжбүрлеп өндіру шарасы еш нәтиже көрсетпейді, — деді сот орындаушы.
Осы тұста «қашқын» әкелермен қатар, жанашыр әкелердің де бар екенін естен шығармау керек. Жалақысы жақсы, баласына берері мол әке де кездесіп жатады.
— Өндірісте бір іс болды. Борышкердің жұмысы, табысы жақсы. Өндіріп алушы айына 500 мың теңгеден астам ақша алады бір балаға. Сонымен бірге әкесі үнемі баласының жанына табылады, үйірмелерге апарады. Мұның сыры неде? Ерлі-зайыпты ажырасқан соң да достық қарым-қатынасты сақтап қалды. Көп жағдайда тараптар арасында өшпенділік болады, ол үдей түседі. Кейде алиментке мұқтаж болмаса да «қалай кек аламын, қамап тастаймын» деп сұрайды. Екеуі де жағдайды саналы түрде қабылдамайды, жанын жаралағысы келеді. Біз заң маманы ретінде мұны айтқанымыз қисынсыз болуы мүмкін. Бірақ шын мәнінде солай, — деді Нұрлан Зинеғалиев.
Реформа қажет пе?
Ұзақ жылдық тәжірибесі бар сот орындаушысы Нұрлан Зинеғалиев баланың жасына қалай ақша мөлшерін өзгертудің тиімді және тиімсіз тұсын айтып берді.
Тиімдісі:
— Бала сұранысы толық қамтылады.
— Туғаннан бастап мектепке барғанға дейінгі аралықта тамаққа, киім-кешекке, түрлі ем-дом шығыны өтеледі.
— Мектеп жасынан бастап жасөспірім кезіндегі сұранысы, оның киім-кешегі мен тамағы, үйірмелері ескеріледі.
— Ата-ананың біріне ғана салмақ түспейді, екіншісі де бірдей жауапкершілікті сезінеді.
Кемшіліктері:
— Есеп көбейеді, басқару қиындайды. Яғни, баланың жасына қарай төлеу белгіленсе, алимент мөлшері үнемі өзгеріп отырады. Бұл сот орындаушыларының, жұмыс берушілердің және басқа да процеске қатысушылардың жұмысын қиындатады.
— Алимент мөлшері үнемі өзгерсе, ата-ананың өз шығынын есептеуі, оны басқаруы қиындайды.
— Ата-ана арасындағы дау бітпей, жалғаса береді. Олардың бірі жас талаптарын есептеу негізсіз екенін айтып, қарсы шығуға тырысуы мүмкін.
— Алимент өндіріп алушы баланың қажеттіліктерін асыра бағалап, жасөспірім шақта шығыстарды тексеру қиынға соғады.
Бұл — маман тұжырымы.
— Баланың жасына байланысты алимент төлеу жүйесін енгізу пайдалы болуы мүмкін. Бірақ механизмді мұқият әзірлеу керек. Ата-ананың келісімі бойынша немесе сот белгілеген үлкен шығындарды жабу үшін тұрақты базалық төлемді және қосымша жарналарды қарастыратын жүйе тиімдірек болады деп есептеймін. Сонымен бірге алименттің ең төменгі мөлшерін бекітуді ұсынар едім. Бұл бір балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмайтын сома болуы тиіс. Алимент төлеуден қасақана жалтару, оның ішінде кірісті жасыру немесе жұмысқа орналасудан қасақана жалтару үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылса дейміз. Бұл өзгерістер алимент бойынша міндеттемелерді орындау тиімділігін арттыруға және балалар мен олардың заңды өкілдерінің құқығын қорғауға мүмкіндік береді, — деді сот орындаушы.
Әкесі болмаса, ата-әжесі…
Ақтөбе облысында 2022 жылы алиментті әкеден емес, ата-әжеден өндіру ісі қаралды. Оған дейін сот орындаушылары борышкерге бірнеше мәрте ескертіп, өндіріс шараларын қабылдап, тіпті әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартты.
Қылмыстық кодекстің 139-бабын негізге алып, жауапқа тартылғанымен, алимент төлемеді. Берешек 6 млн теңгеден асқан кезде өндіріп алушыға ата-әжеден өндіру ісі ұсынылды.
— Еш амал қалмаған кезде ата-әжесінен алимент өндіруге болатынын айтамыз. Бұл «Неке және отбасы туралы» кодекстің 152-бабында жазулы тұр. Қазір атасы немересіне алимент төлеп отыр. Тағы бір іс болды. Өндіріп алушы ата-әжесін сотқа шақыра бастаған кезде борышкер табылды. Бұрын жасырынып, іздеуде жүрген борышкер хабарласып, жауапкершілігін мойынына алды. Алимент берешегін өтеп, ай сайын төлеп отыр, — деді сот орындаушысы.
Анасы мен әкесі ортақ есепшотқа ақша аударуы тиіс — Аманғос Құлов
Елімізде әкелер құқығын қорғап, жалғызбасты әкелерді қолдап жүрген «Қазақстан әкелері» республикалық әкелер қауымдастығының төрағасы Аманғос Құлов алимент өндіру ісінде реформа қажет деп санайды. Ол екі ұсыныс айтты.
— Біріншіден, балаға есепшот ашып, анасы да, әкесі де оған ай сайын ақша аударуы тиіс. Мәселен әке 25 мың, анасы 25 мың теңге аударса, оның 20 мың теңгесі сол есепшотта қалып, жинала берсін. Ал 30 мың теңгені бала өз қажетіне жұмсауына болады. Екіншіден, бір аптаның екі күнін емес, 4 күнін бала әкесімен өткізуі керек. Қазір тек сенбі-жексенбі көруіне мүмкіндік береді. Бұл дұрыс емес, — дейді Аманғос Құлов.
«Қазақстан әкелері» республикалық әкелер қауымдастығына «әкесі алимент төлемейді» деген әйелдер шағым айтып бармаған. Керісінше алимент төлесе де баласын көре алмай жүрген әкелер жәрдем сұраған.
Ресми алимент төлемейді — қала тұрғыны
Қала тұрғыны өзара келісіммен алименттен бас тартты. Алайда баланың әкесі киім-кешегінің, үйірмелерінің ақысын төлеп отырады.
— Алимент өндіру ісі өте қиын болды. Жұмысы жоқ екенін айтып, сәл күтуімді сұрады. Кейін шетелден көлік әкелетін болып, шекарадан өтуі қиындағанда «бас тартамын» деген қолхат сұрап, алимент өндіру ісін тоқтаттық. Осыдан кейін баласына хабарласқанымен, ақша бермеді. Арада жылдар өткенде қайта байланыс орнатып, қазір үйірмелері мен кейде киім-кешегінің ақшасын төлейді. Дегенмен бережақ әкелердің шетелге шығуына тыйым салатын заң талабы дұрыс, — деді қала тұрғыны.
Тағы бір қала тұрғынының бұрынғы күйеуі тауысының жеке кәсіпкерлігіне тіркеліп, ең төменгі жалақыны алатынын растап, кейін 19 мың теңгедей ақша төлеп отырған.
— Бұрынғы күйеуім жиһаз жасаумен айналысты. Мұны біліп-көріп отырмын. Сөйтіп бірнеше рет прокуратура, Әділет департаментіне арыз жаздым. Бәрі де сот орындаушысының жұмысынан еш кінәрат таппады. Қатты қиналдым. Ішерге тамақ таппай қалған кезде тоңазытқыштың бос тұрғанын көрсету үшін фотоға түсіріп, жібердім. Сол кезде сот орындаушы бұрынғы күйеуіммен кездестіріп, медиациялық келісімге келдік. Ол маған ай сайын 80 мың төлеп оқыратынын айтты, ал мен мәжбүрлі түрде өндіру сот актісін кері қайтардым. Бұл дұрыс шешім болды, — деді қала тұрғыны Қаламқас.
Алимент — ер адамның қолындағы қару
Психолог Гүлнұр Бисекова алимент өндіру ісі ажырасқан екі адамның арасындағы бітпейтін даудың бірі деп санайды. Бұл тақырып әйел мен еркекке ғана емес, балаға да ауыр. Алайда ересектер баладан гөрі, өзара өшпенділікті үдетіп, бір-бірін түсіне алмай жатады.
— Бірі өз еркімен ақша төлеп отырады, екіншісі жағдайы жақсы болса да ең төменгі жалақыны көрсетеді. Тағы бір тобы «өзім беріп тұрамын, алимент өндіру ісі қажет емес» деп айтады. Негізі баласын жанына жіберіп, қажетін айтса, «киіндіріп жібер» деп нақты тапсырса, көп әке одан қашпайды. Ал ақша беруге келгенге іркіледі. Ажырасқан кезде ер адамның қолында қалатын жалғыз қару — алимент. Осы арқылы ол өз қолында әлі де күш бар екенін сезінеді. «Мен алимент төлеу арқылы өз қалауымды орындатамын, аз төлесем, жалынып, қайтып келеді» деген ойда жүреді. Себебі ажырасқан кезде бала анасымен қалады, ортақ мүлкі бөлінеді, кездесулерге жіберу жайы шешіледі. Ер адамдар арасында «алимент әйелдің қалтасына кетіп жатыр» деп ойлайтындар бар. Сенбейді. Алимент әйелдің қалтасына кетпейді. Қымбатшылық жайлаған кезде баланың үйірмелері, киімі мен тамағы бар екенін ұмытпаған жөн. Психолог ретінде жауапкершілікті сезбейді деп айтамын. Бала өмірге келген соң ана да, әке де жауапты. Әйел тарапынан қате де бар. Олар әкесін жақсы қылып көрсетіп, үнемі қолдап отыруы керек. Сол кезде әкесі сеніп, көмектеседі, — деді Гүлнұр Бисекова.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында қазір 13 мыңнан астам алимент өндіру ісі бар. Қала бойынша барлығы 18 сот орындаушысы жұмыс істейді. Сонымен бірге 12 ауданда да сот орындаушысы бар.