Оралда алимент төлемегендер сотқа тартылып, 416 баланың құқығы қорғалды

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы алимент өндіру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде балалардың пайдасына 734 млн теңге сомада алимент өндірілді, деп хабарлайды Орал қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

— Прокуратураның үйлестіруімен алимент бойынша 1 761 252 теңге берешегі бар және оны төлеуден жалтарған, соның ішінде жұмысқа орналасуға шаралар қабылдамаған борышкер анықталды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, — делінген хабарламада.

Жалпы, Орал қаласында Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 6 борышкер заң алдында жауап берді. 

Сонымен қатар, алимент өндіріп алу туралы сот актілерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша 185 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 416 балалардың құқықтары қорғалды, сондай-ақ 288 борышкер жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бұдан бұрын алимент төлеуден қашып жүрген такси жүргізушілері жаңа тәсілмен анықталатыны белгілі болды.