Сенатордың айтуынша, қазіргі таңда алимент өндiрiп алу өзектi мәселенің біріне айналған. Мәселен, сот атқарушыларында алимент өндiру бойынша 213 мың шешiм болса, соның iшiнде 14 мыңнан астамы өтелмей келеді. Осыған орай, депутат С.Ақылбай кейбір борышкерлердiң өз мiндеттемелерiн атқаруға толық мүмкiндiгi бар екендiгiн де ескертті.
«Қазіргі таңда қолданыстағы механизмдер алимент өндіру мәселесін толыққанды шеше алмайды. Осыған орай, сот белгiлеген мiндеттемені атқармайтын борышкердiң көлiк жүргізу құқығын уақытша шектеу мәселесi туындап отыр. Шектеу борышкер өз мiндетiн атқармайынша бекiтiлуi тиiс, бiрақ бiр жылдан аспауы керек. Бұл ретте мүгедектiгi немесе табыс табудың жалғыз көзi болған жағдайда олардың көлiк жүргізуіне тыйым салынбауы керек. Сонымен қатар алимент қарызы 3 айлық жалақыдан аспайтын болса, мұндай шектеудi қолданбауға болады», - дейді Серік Ақылбай.
Оның сөзіне қарағанда, алимент өндірудің бұл тәсілі халықаралық тәжірибеде бар. Мәселен, Беларусь елінде борышкерлермен күрестің осы түрі қолданылады.