Әліппеден бастап іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге дейін Байтұрсынұлы заңдылықтары болуы тиіс – ғалым
«Ахмет Байтұрсынұлы латынға, кирилицаға неге қарсы болды? Кирилицаны кіргізсек, қазақ тіліне, оның заңдылықтарына кері әсер етеді деген. Шын мәнінде де солай болды. Қазір Парламенттегі баяндамаларды қараңызшы, орысшадан қазақшаға аударады, бірақ не аударғанын өздері де түсінбейтін тәрізді. Қазақ тілінің грамматикасын аттап кеткендіктен, қазір біз орыс тілінің бүкіл заңдылықтарын кіргізіп жатырмыз. Бір тілдің тәртібі екінші тілге жүрмейді. Грамматика қазір мектепте оқытылмайды. Лексикада орыс тілінен аудару оңай болсын деп, қазір қазақ тіліне үлкен қорлық жасап келеміз», - дейді ғалым.
Оның пайымынша, бұл проблеманы еңсеру үшін қазақ тілін оқыту, іс қағаздарын жүргізу, мемлекеттік басқару тілі, әліппе түзу ісінің бәрінде Ахмет Байтұрсынұлы нұсқап кеткен заңдылықтарды басшылыққа алуымыз керек.
Сондай-ақ, ғалым алдыңғы буын ғалымдардың арасында Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне сіңіріп кеткен еңбегін бүркемелегісі келгендер болғанын айтады. Бұған дейін алаш арысына лайықты баға беріліп, ол нұсқаған жолдың қолданысқа енуіне сол топтың өкілдері тосқауыл болса, бүгін солардың тәрбиесін көрген шәкірттері сәті туған іске кедергі келтіріп отыр деп күдіктенеді.
«Назарбаев университетінде сабақ беріп жүрмін. Студенттер сөзді біледі, құрастырып оқиды. Бірақ мағынасын түсінбейді. Ал Назарбаев зияткерлік мектебін бітіріп келген балалар өзі туралы ауызша мағлұмат айта алмайды. Оқи алады, бірақ сөйлеуге дағдыландырып үйретпеген», - деді ғалым.
Айта кетейік, 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толады.
Айгүл Ісмақованың А.Байтұрсынұлы мұрасы мен қазақ тілінің қазіргі проблемасы туралы ойын алдағы күндері сайтымызға жарияланатын сұхбаттан оқи аласыздар.