Алыпсатарлар мен билетсіздер: Қайрат — Реал матчынан соң шағым көбейді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Алматыдағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы Чемпиондар лигасының екінші тур ойынына байланысты пікір көбейді. Матч аяқталғанымен, оған қатысты дау-дамай басылмай тұр: ондаған жанкүйер билеті болса да, стадионға кіре алмағанын айтты.
Көрермен тарапынан тарихи матчқа сұраныс жоғары болды. Билеттер бар болғаны төрт сағаттың ішінде сатылып кетті. Жанкүйерлердің көбі тапсырысты рәсімдейтін кезде жүйенің істен шыққанын айтып шағымданды.
Алайда мәселе мұнымен шектелмеді. Кейінірек желіде билеттерді сату туралы хабарландырулар пайда бола бастады. Ұйымдастырушылар мен полицияның ескертуіне қарамастан, матч күні алыпсатарлық тыйылмалды. Алыпсатарлар билеттерді өз құнынан бірнеше есе қымбатқа ұсынған.
Тағы бір наразылық туғызған жайт — тегін таратылған VIP-шақыру билеттерінің сатылымға шығуы. Әлеуметтік желілерде белгілі әртістердің балалары мұндай шақыртуларды 500-600 мың теңгеден жоғары бағаға сатқаны айтылды.
Сонымен қатар жанкүйерлер қолында билеті бола тұра, стадионға кіре алмағанын жеткізді.
Кіреберістерде ұзын-сонар кезек пен жанжал мен төбелес те болған. Куәгерлердің айтуынша, билеті жоқ адамдар да стадионға кіріп кеткен.
Kazinform редакциясы «Қайрат» футбол клубы мен Freedom Ticketon баспасөз қызметтеріне ресми сауал жолдады. Айта кетейік, бір ЖСН-мен екі билеттен артық алуға болмайтыны айтылған.
Freedom Ticketon өкілдері сатылған билеттер мен шақыру қағаздарының нақты саны коммерциялық құпия екенін айтты. Ал жарамды билеті бола тұра стадионға кіре алмағандарға қатысты компанияның коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді былай жауап берді:
— Әр жағдай жеке қаралады. Жанкүйерлердің өтініштерін мұқият зерттеп жатырмыз және әрбір нақты жағдайдың мән-жайын ескере отырып шешім қабылдауға дайынбыз. Олар біздің қолдау қызметіне немесе тікелей маған хабарласа алады. Біз ашық әрі конструктив диалогқа дайынбыз. Қолдау қызметінің нөмірі: 87719365353 (қоңыраулар мен WhatsApp үшін).
Ticketon өкілі билеті жоқ адамдардың стадионға кіруі туралы сұраққа:
— Біздің жүйе арқылы сатылған барлық билет тегіс бақылауда болды. Билеттердің үшінші тұлғаларға қалай түскені туралы ресми дерек жоқ. Қайта сату мәселесін мұқият қарастыруға және қажет болған жағдайда бақылау шараларын күшейтуге дайынбыз. Қоғам сенімі — біздің басты құндылығымыз. Сондықтан барлық жағдай анықталғаннан кейін толық ақпарат беріледі, — деп жауап берді.
Азамат Атагелді сонымен қатар компания мамандары жүйені жетілдіру, ашықтықты арттыру және мұндай жағдайлардың қайта болдырмау шараларын әзірлеп жатқанын атап өтті.
— Кешегі ойын алыпсатарлық пен жалған билеттер мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетті. Шын жанкүйерлер арсыз адамдардың құрбаны болмауға тиіс. Билеті жоқ адамдардың стадионға жаппай өтуге тырысқаны қауіпсіздікке қатер төндірді. Ауқымды іс-шараларға қатысу мәдениетін қалыптастыруымыз керек: билеттің жоқтығы басқа жанкүйерлердің ойынды көруіне және қауіпсіз ортада болуына кедергі жасамауға тиіс, — деді ол.
Ал бүгін ІІМ вице-министрі Санжар Әділов бұл жағдайға түсінік берді.
Оның айтуынша, «Қайрат» — «Реал» матчы билеттерінің заңсыз қайта сатылуына қатысты барлық шағым тексеріліп, әр дерек бойынша қажетті шара жүргізіледі.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасында «Реал Мадрид» «Қайратты» 5:0 есебімен ойсырата жеңді.