Әлішер Кәрімов «Жаңа толқын - 2014» байқауында 10-орын алды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Латвияның Юрмала қаласында өтіп жатқан «Жаңа толқын - 2014» халықаралық байқауына Қазақстан атынан қатысып жатқан әнші Әлішер Кәрімов сайыста 10-орынға ие болды.

Сайыстың соңғы күнінде Әлішер көпшіліктің назарына "Әрине" атты әнін ұсынды. Бұл әнді ақын Талант Арғынғали мен композитор Ғалымбек Исімбергенов осы байқауға арнайы жазған болатын. Қазылар алқасының мүшелері - Игорь Крутой, Константин и Валерий Меладзе, Филипп Киркоров, Игорь Николаев, Лайма Вайкуле и Леонид Агутин - Әлішердің өнерін 67 балмен бағалады. Бірінші орынды Грузиядан келген 16 жасар әнші Нуца Бузаладзе алды (228 балл).

«Жаңа толқын - 2014» байқауының қорытындысы:

1. Нуца Бузаладзе (Грузия) (228) 2. Виктория Петрик (Украина) (226) 3. Вячеслав Рыбиков (Украина) (224) 4. Моника Линките (Литва) (222) 5. Нодар Ревия (Ресей) (221) 6. Сона Рубенян (Армения) (220) 7. Sam On (Израиль) (216) 8. Юлия Плаксина (Ресей) (213) 9. Tyshawn Colguitt (АҚШ) (211) 10. Әлішер Кәрімов (Қазақстан) (210) 11. Стас Шуринс (Латвия) (207) 12. Лидия Исак (Молдова) (203) 13. "О'Генри" тобы (Ресей) (202) 14. Antonio Maggio (Италия) (201) 15. "Style Mix" триосы (Қырғызстан) (193) 16. Gladys Damaris (Германия) (187).

massaget.kz сайтының хабарлауынша, байқау барысында "Көрермендер көзайымы" аталымы бойынша жүлде табысталатын болады. Көрермендер ұялы телефондары арқылы "NW106" сөзін 1212 нөміріне жолдап, Әлішер Кәрімовке қолдау білдіре алады. 27 шілде күні өтетін салтанатты шарада жеңімпаздарға "Хрустальды толқын" мүсіні мен ақшалай сыйлықтар табысталады және Ресей мен шетел әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтеді деп жоспарланып отыр.