Аталмыш байқауды «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы Қазақстан аумағында тікелей эфирде трансляциялаудың айрықша құқығын алғаш рет иеленіп отыр. Ән байқауы 22 шілдеде Латвияның Юрмала қаласында басталды. Ол 27 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметінен.
Тікелей эфирдегі трансляцияны қазақ тілінде белгілі журналист Асхат Садырбай жүргізеді. Онымен бірге «Дзинтари» концерттік залының сахнасындағы байқау туралы отандық эстрада жұлдыздары Жеңіс Ысқақова, Алтынай Жорабаева мен Гүлнұр Оразымбетова хабарлап тұрады.
2014 жылы әлемнің 45 мемлекетінен 15 000 жас таланттар байқауға қатысу туралы өтінім білдірген болатын. Алайда ақтық сайысқа 13 мемлекеттен 16 қатысушы ғана өтіп, бақ сынасады.
Аталған халықаралық байқауда Қазақстанның атынан Әлішер Кәрімов өнер көрсетпек. Ол 2005 жылы Superstar.kz жобасына қатысып, танымал болды. Бұдан бұрын да халықаралық байқауларға қатысып, 2001 жылы Витебск қаласында «Славян базары» XX халықаралық өнер фестиваліне қатысып, үшінші орын иеленіп, «Ресейдің БАҚ-ның арнайы жүлдесіне» ие болды. Сондай-ақ Әлішер «World Champion ships of Performing Arts», АҚШ (2007 жыл) наградасының және «Ереван шақырады-2012» халықаралық поп музыка фестивалінің үшінші орнын иеленген болатын. Жақында әнші «Шүкір» атты үшінші альбомын жарыққа шығарды.
Ресми жеребе тастау қорытындысы бойынша, Әлішер бірінші конкурстық күні 16-шы, екінші конкурстық күнде 15-інші, үшінші күні 6-шы нөмірмен сахнаға шығады.
Қазақстан биыл бұл байқауға 12-ші рет қатысуда. Әр жылдары елімізден Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков сияқты әншілер мен Rin'Go тобы қатысқан болатын.
Ә.Кәрімовтің продюсері Алтынбек Рахметовтің хабарлауынша, байқаудың алғашқы күні «Әлемдік хит» тақырыбында Әлішер Адриано Челентаноның (Adriano Celentano) «Confessa» әнін орындайды. Байқаудың екінші күні әнші «Жаңа толқын - 2010» байқауының екінші орын иегері украиндық орындаушы Татьяна Ширкомен дуэтте ән шырқайды. Байқаудың үшінші күні «Премьералар күні» деп аталады. Қатысушылар жаңа әндер орындауға міндетті. Әлішер көпшіліктің назарына «Әрине» әнін ұсынбақшы. Бұл әнді арнайы осы байқауға жас ақын Талант Арғынғали мен композитор Ғалымбек Исмбергенов жазған болатын. Әлішер әннің бірінші бөлігін қазақ тілінде орындаса, екінші бөлігін орыс тілінде орындамақшы.
23 шілде күні көрермендер миллиондардың сүйікті хиттарын тыңдай алады. Оларды танымал әртістер Ф.Киркоров, Джамал, Т.Родригез, А.Коган, Ани Лорак, «А студио», «Дискотека Авария» және «Serebro» орындайды.
Естеріңізге сала кетейік, латвиялық пошта биыл «Жаңа толқын-2014» байқауында Әлішер Кәрімовтің суреті бар марка шығарды. Байқауға қатысушылардың суреті бар марка шығару конкурс алдында үнемі ұйымдастырылатын дәстүр.
«Жаңа толқын» танымал орындаушылардың халықаралық байқауы тек Ресей мен Латвияның ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шетел мемлекеттерінің ауқымды музыкалық шарасы болып табылады. Сайыскерлердің жеңіске ұмтылуынан, олардың өнеріне миллиондаған телекөрермендердің қызығушылығының оянуынан «Жаңа толқын» байқауы бүкіл Еуразия континентінде жыл сайын күтілетін музыкалық шара болып табылатыны даусыз.