Алқабилер сотының дамуына не кедергі - Жоғарғы сот жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Жоғарғы соты Алқабилер соты қарайтын қылмыстар санатын кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметуллиннің айтуынша, қазіргі уақытта алқабилер соты тек 13 қылмыс құрамы бойынша іс қарай алады. Дегенмен, көптеген қылмыстар бойынша алқабилер сотқа қатыспай отыр және оған кедергі келтіретін бірнеше себеп бар. 

«Алқабилер соты қарайтын қылмыстар санатын кеңейту мәселесін қарастыру керек. Бейбітшілікке және конституциялық құрылым мен мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарды санамағанда, барлық аса ауыр қылмыстарды қосу қажет. Оған кедергі келтіретін себептер де жоқ емес. Біріншіден, сотқа дейінгі өндіріс, яғни тергеу органдары алқабилердің қатысқанын қаламайды. Кей әріптестеріміз «азаматтық тұлғалардың заңнан хабары жоқ, эмоциямен кінәлі тұлғаларды тек ақтауға тырысады» деп есептейді. Бірақ, тергеу сапасыз жүргізілсе, сот отырысында күдіктінің айыбы расталмайды, сәйкесінше ол ақталып шығады», - деді ол.

Алқабилердің қылмыстық істі қарауына кедергі келтіретін екінші себеп - қорғаушылардың белсенді болмауы.

«Күдіктілер мен сотталушыларды қорғауы тиіс адвокаттар оларға алқабилердің істі қарауын, оның артықшылықтарын жете түсіндіруі тиіс. Үшіншіден, әділ сот жүйесіндегі алқабидің рөлі мен маңызы нақты анықталуы қажет. Алқабилер сотына үміткер атанғандарды оқыту керек, олар өз құқығын, міндеттемелерін және тұлғаның айыпты-айыпты еместігін, тіпті тағдырын шешудегі қандай рөл ойнайтынын білуі керек», - деп түйіндеді сөзін Абай Рахметуллин.

 Алқа төрағасының айтуынша, бұл шаралардың барлығы халықтың алқабилер сотына және жалпы сот жүйесіне деген сенімін арттырады. Оның айтуынша, 2007 жылы қолданысқа енген Алқабилер соты 2009 жылы 59 іс қана қараған. Әрі қарай, алқабилердің істерді қарау құзіретін кеңейту арқылы бұл көрсеткіш 339-ға дейін өскен (2011 жыл).

«Алайда, 2013 жылдың 3 шілдесінегі Заңға сәйкес, алқабилер сотының құзіреті өзгеріп, қылмыстар санаты қысқарды. Осылайша, 2013 жылы алқабилердің қатысуымен 189 іс қана қаралды. Атап айтқанда, қылмыстық заңнамада өлім жазасы немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмыстар туралы істер ғана қаралатын болды. Ал ұйымдасқан топтың адам өлтіруі, есірткі немесе психотропты заттарды өткізу сынды аса ауыр қылмыстар алқабилер қарауынан алынып тасталды», - деді А. Рахметуллин   Жоғарғы сотта алқабилер сотын жетілдіруге арналған форумда. 

Осыған байланысты, алқабилердің қатысуымен қаралған істер саны күрт қысқарды, 2014 жылы - 64 іс, 2015 жылы - небәрі 17 іс қаралған.

«Кейінірек мемлекет сот төрелігінің осы түрін кеңейту мақсатында шаралар қабылдады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алқабилер сотының құзіретін кеңейту қажеттігі көрсетілді. Алқабилер сотының қатысуы міндеттелген қылмыстық істер санаты заң жүзінде анықталды. 2015 жылдың 31 қазанындағы Заңға сәйкес, алқабилер сотының құзіреті аса ауыр қылмыстардың 4 құрамымен толықты. Осылайша, 2016-2017 жылдары алқабилердің қатысуымен қаралған істер біршама көбейді», - деп толықтырды сөзін Алқа төрағасы.