Алқабилер жұмысына кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға жаза қарастырылған
Яғни, іс жүзінде алқабилер соты қарапайым халықтың қатысуымен тікелей әрекет ететін билік органы болып табылады, нақ осы жағдайда ғана халықты мемлекет билігінің жалғыз қайнар көзі ретінде бекітетін конституциялық қағида толық түрде іске асады. Қылмыстық істерді алқа билердің қатысуымен қараудағы ең басты қиындық - алқабилерді іріктеу мәселесі. Заң талабы бойынша облыстық сот төрағасы ұсынған сан негізінде жергілікті атқарушы орган жыл сайын алқабиге үміткерлердің бастапқы, бірыңғай және қосалқы тізімін жасап, сотқа жолдайды.
2006 жылдың 16 қаңтарында қабылданған «Алқабилер туралы» заңның 10-бабына сай жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан алқабиге кандидаттарға қойылатын талаптарға азаматтардың сәйкес келуін тексеру үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқылы. Жергілікті атқарушы органдардың сауалдарына жауаптар сауал алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей олардың мекен-жайына жіберілуге тиіс. Алқабиге кандидаттардың тізімдері әліпбилік тәртіппен жасалады. Тізімдерде алқабиге кандидаттардың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы (жасы жиырма бесте болса қосымша күні мен айы) және тұрғылықты жері көрсетіледі.
Алқабиге үміткерлерге қойылатын талаптар: - алқабилердің тізімдерін жасау кезінде жиырма бес жасқа толмаған; - өтелмеген не алынбаған соттылығы бар; - сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар; - судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері; - наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді. Алқабиге кандидаттардың тізімдерінен: - қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар; - өздерінің дене кемістігі немесе психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз адамдар; - алпыс бес жастан асқан адамдар; - діни қызметшілер өз жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.
Міне, осы санаттағы азаматтардан басқалар алқаби болуға құқылы. Кей кезде үміткерлердің қажетті саны жиналмауына байланысты сот мәжілісі кейінге қалдырылып жатады. Үміткерлердің келмеуінде объективтік себептермен қатар субъективті жайлар да орын алуда. Осыған байланысты, алқабидің сотқа келуіне кедергі келтірген лауазымды адамның Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 514-1-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ұмытпағаны жөн. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган берген тізімде көптеген адамдардың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны немесе көрсетілген мекенжай тұрғын үй емес, мекеме болып шығатыны, тіпті, тізімге өмірден озған, әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың енгені де кездесті.
Бір есте сақтайтыны, бір алқаби жылына бір рет қана алқаби ретінде сот отырысына қатыса алады. Қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен жүргізудің маңыздылығы зор. Бұл, біріншіден, әділ сотты іске асыруда халықтың қатысуын қамтамасыз ететін демократиялық қағиданы жүзеге асыру қажеттілігін, сондай-ақ қылмыстық сот өндірісі қатысушыларының құқықтарын қамтамасыз етеді. Екіншіден, бұл - тараптардың теңдігі мен сөз жарыстыруы, кінәсіздік презумпциясы мен сот өндірісінің ашықтығын, транспаренттілігін қамтамасыз ету сияқты қылмыстық процестің негіз салушы қағидалары орындалуына кепілдік береді. Қазіргі заманда құқықтық мемлекеттің жазалаушы жабық сотқа сүйене отырып өмір сүруі мүмкін емес. Үшіншіден, сот отырысын әзірлеу мен өткізу сапасына қатысты талаптардың көбеюінің де ықпалы жоғары. Төртіншіден, бұл қылмыстық сот өндірісінде айыптаушы үкімдерінің басым болуын жойып, әділ сотты әрі заңға сәйкес, әрі әділ өткізуге, Қазақстанның тарихи ерекшеліктері мен ұлттық мәдениетінің құнды тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, аса күрделі қылмыстық істердің анағұрлым әділ қаралуын қамтамасыз ету мақсатында республикамызда енгізілген алқаби соты «билер алқасы» деп аталады. Мұның астарында тәуелсіздік, кәсіпқойлық, философиялық ой-толғау, шешендік, шынайы әділеттілік пен адалдық іспеттес негізгі қағидаларды күнделікті сот қызметтерінде шебер қолдана білген ұлы би-судьялар мен билер соттарына деген үлкен құрмет жатыр.
Бесіншіден, алқабилер сотының әлеуметтік, тәрбиелік әрі ғибрат берерлік функциясы орасан. Елімізде алқабилер сотын енгізу сәтінен бастап жинақталған тәжірибе көрсеткендей, қылмыстық сот өндірісінің аталмыш үлгісі әділ сотты іске асырудағы халық қатысуының болашағы зор нысаны болып табылады және терең теориялық және практикалық талдау негізінде одан әрі дамытылуға лайық. Алқабилер соты қоғамның құқықтық мәдениетіне, сот билігіне деген сенім мен отандастарымыздың өзіндік сана-сына оң әсерін тигізеді.
Қорыта келе, алқаби сотының басты ерекшелігі - әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және қоғамдағы әлеуметтік консенсусты табу. Алқабилердің қатысуымен өтетін сот қоғам өкілдері қатысатын ерекше нысан болып табылатындықтан мұнда әрі мемлекеттік институттардың мүдделері, әрі халықтың негізгі орныққан көзқарасы тиімді түрде үйлескен. Яғни, шын мәнінде, алқабилер соты қоғамның әділ сот саласындағы өкілі болып табылады.
Шиналханов