Депутаттың айтуынша, ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 30 арақ, 17 спирт зауыты жұмыс жасаса, соның жартысынан астамы өздерін шығынды, залалды кәсіпорындар ретінде көрсетіп келеді. Оның үстіне алкоголь өнімдерінің «көлеңкелі» айналымы 60 пайызды құрап отыр.
«Қазақстандағы арақ зауыттарының басым бөлігі 20 жыл бойы залалды кәсіпорын аталып жүр. Бұл қисынсыз. Жалпы Қазақстандағы нарыққа «көлеңкелі» бизнес қайдан келіп жатыр? Мұның бәрі сондай зауыттарда жасалады, ал өндірілген өнімнің жартысынан астамы заңсыз жолмен сауда сөрелеріне түседі», - дейді депутат.
Мұндай пікірге депутат Гүлжан Қарағұсова да қосылады. «Алкоголь өнімдерін шығаратын кәсіпорынның залалды болуы шынымен де жөнсіз. Кеңес Одағында расында да солай болған, ол кезде ондай кәсіпорындарды бірден жауып тастайтын. Ал біздегі жағдайға қарасақ, 20 жыл бойы залалды саналып келген арақ зауыттары ештеңе болмастан жұмыс жасап келеді», - дейді халық қалаулысы.