Заңсыз акциздік өнім: Мемлекеттік кірістер комитеті тексеріс қорытындысын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті акцизделетін тауарларды өндіру, сақтау, тасымалдау, сату және есепке алу саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауға бағытталған тексеру іс-шараларының есебін берді.
2024 жылы алкоголь өнімдерін өндірушілер тарапынан ірі бұзушылықтар тіркелген. Олардың бірі — алкоголь өнімдерін өндіруші акциздерден 3 миллиард теңгеден астам сома жалтарған.
— Қазіргі уақытта салықтық тексеру жүргізіліп жатыр. Осыған орай құқық бұзушы толық көлемде шығынды өтейді. Сондай-ақ жүргізілген іс-шаралар барысында мемлекеттік кірістер органдары теневой нарықпен күрес аясында заңсыз акциздік өнімдерді анықтады, - делінген комитет хабарламасында.
Атап айтқанда:
Алкоголь: 1,9 миллион литрден астам заңсыз алкоголь өнімдері анықталған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Темекі өнімдері: Тексеру кезінде 116 заңсыз сауда жағдайы тіркеліп, 16,6 миллионнан астам контрафактілік темекі қорабы алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға көп.
Мұнай өнімдері: 480 теневой жанар-жағар май сату жағдайы анықталып, жалпы сомасы 7,9 миллиард теңге болатын 34,5 мың тонна мұнай өнімі алынды. Сондай-ақ сот органдары заңсыз әрекеттерден түскен 591,4 миллион теңге табысты тәркіледі және 25,3 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды.
Осылайша, МКК заңсыз акциздік өнім айналымына қарсы күрес жалғасатынын және акциздік тауарларды өндіру мен айналымын бақылау тек күшейе түсетінін атап өтті. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті мамандары бейнеқоңырау арқылы кеңес беретінін жазған едік.