Алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынатын орындар саны көбейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы министрлігі елімізде алкоголь сатуға тыйым салынатын орындардың қатарын кеңейтіп отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуге арналған заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев айтты.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршектерде, сондай-ақ белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған. «Ал жаңа заң жобасымен бұған денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелерінің ғимараттарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстарда тыйым салынатын болады. Сонымен қатар, автожанармай құю стансаларында тыйым салу белгіленеді», - дейді Ардақ Теңгебаев.

Тоқтала кететін жайт, балалар мекемелерінде, білім беру ұйымдарында және оларға іргелес 100 метр аумақта тыйым салу нормасы қолданыстағы заңнамада қарастырылған болатын. Қаржы министрлігі осы норманы алып тастауды ұсынады. «Біз «100 метр» тыйым салу аумағындағы талапты алып тастауды ұсынамыз. Есесіне, алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатқаны үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастырып отырмыз», - деді вице-министр.