Алкоголь өнімдерінің айналымын реттеу туралы жаңа заң биыл қабылдануы мүмкін - Салық комитетінің төрағасы

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Алкоголь өнімдерінің айналымын реттеу туралы жаңа заң жобасы ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев осылай айтты.

Жаңа құжаттың толық атауы - «ҚР алкоголь өнімдері мен этил спиртін өндіру және оның айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Оған сәйкес, кешкі сағат 21:00-ден бастап күндізгі 12:00-ге дейін дүкендерде алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу жоспарланған. Ондай тауарлар тек 21 жастан асқан азаматтарға ғана сатылады. Сондай-ақ алкоголь өнімдерінің акциздік салығы көтеріледі. Дегенмен, ол шара ішімдіктің нарықтық бағасына айтарлықтай әсер етпейді. Қазіргі кезде біз аталған заң жобасы бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бәрі дұрыс болса, желтоқсан айына дейін оны Парламенттің қарауына енгіземіз. Бәлкім, биыл оны қабылдайды. Онда заң жаңа жылдан бастап күшіне енеді», - деп атап көрсетті Ә.Жұмаділдаев.