***
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында қазақстандықтардың жаңа буынын қолдауға, жастар саясаты мәселелеріне айрықша көңіл бөлінетінін атап өткен болатын. Бұл орайда, жастар арасындағы үдерістерге зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізудің, жаңа әлеуметтік лифтілер қалыптастырудың маңыздылығына да тоқталған еді. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевқа бірер сауал қойып, тұщымды жауап алған. «Жас өркен өзінің біліміне сенсін» деген тақырыппен берілген сұхбат барысында ғалым: «Мен Елбасының жастар ортасындағы үдерістерді терең зерттеу қажет деген сөзін, ең алдымен, этнолог және тарихшы ғалым ретінде үлкен жауаптылықпен қабылдадым. Оған себеп, жастар қашанда қоғамдағы үлкен үдерістердің барометрі сияқты. Мысалы, сіз теңізде қайықпен жүзіп келесіз, бір қарағанда теңіз беймарал тұрған сияқты, бірақ су бетіндегі жеңіл толқындарға көңіл аударсаңыз, олар беймаза, ендеше, теңіздің түбінде бір дүлей қозғалыс басталды дей беріңіз», - дейді.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Алматыда ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Наванетхем Пиллэй ханыммен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстанның адам құқықтары саласындағы міндеттерін орындауы, еліміздің Орталық Азия бойынша АҚЖКБ-нің өңірлік офисімен ынтымақтасуы, Адам құқықтары жөніндегі іс-шаралардың ұлттық жоспарын жүзеге асыру, БҰҰ адам құқықтары бойынша тетіктері жөнінде ұсыныстарды жүзеге асыру, зорлыққа қарсы ұлттық алдын алу тетігін енгізу бойынша шаралар қабылдау мәселелері қарастырылды. Мақала «Адами мәселелер алаңдатпауы тиіс» деген тақырыппен берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі бас жарияланымының жүгін «Алкоголь ұлттық генофондымызға қауіп төндіріп тұр» деген тақырыптағы мақала көтеріп тұр. Статистика деректері бойынша, елдегі ішімдікке әуестенушілер санының артып отырғаны, оның ұлттық генімізге әсер ететіні қоғамның үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Осы ретте мақалада мамандардың дерегі мен журналистің зерттеуі тақырыпты ашып, бұл зияны мол ішімдік жайында оқырманға кең ауқымда, жаңа көзқараспен ақпарат ұсынады. «Мамандардың пайымдауынша, шөл басу үшін күнделікті бір шөлмек сыра ішу - маскүнемдіктің алғашқы белгісі. Өйткені екі-үш рет сыра ішкен соң адам ағзасы оған тез үйреніп, қажет ете бастайды. Яғни адамда психологиялық тәуелділік синдромы пайда болады», - деп жазады басылым.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарының қонағы тарих ғылымының докторы, академик, профессор Тілеу Көлбаевпен арадағы сұхбат «Мені бүгінгі таңда еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиенің жоқтығы қынжылтады» деген тақырыппен берілген. Белгілі ғалым оқырманға екінші дүниежүзілік соғыс туралы тұщымды әңгімелер ұсынады. Сұхбатта Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ халқының орны мен жасаған ерен ерліктері жайлы тың мәліметтер беріледі. «Тек әскерилер ғана емес, жалпы, жастарымыздың бабаларының ерліктерінен бейхабарлығы қынжылтады. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Себебі мен де бір кездері сарбаздарды тәрбиелеумен айналыстым. Бабалардың ерлігі айтылған кезде кеудесінде жаны бар кез келген қазақтың көзі жанып өшеді. Сондықтан қазақтың бүгінгі жетістіктерімен қоса бұрынғы жетістіктері де айтылса екен деймін», - дейді ғалым.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, ғасырдан астам уақыттан бері жер астындағы қара алтынмен әлемге танылған Атырау өңіріндегі Мақат ауданындағы байырғы мұнайлы Байшонас пен Ескене елді мекендерінің тұрғындары жаңа қонысқа көшетін болды. Осы ауданда алғаш мұнай көзі табылған кездегі тіршілік бүгінде келмеске кеткендіктен, осы елді мекендердегі үш мыңға жуық тұрғынды инфрақұрылымы дамыған жерге көшіру мәселесі оң шешімін тапты. Аймақ басшысы Б. Рысқалиевтің бастамасымен Үкімет назарын аудартқан өзекті проблеманы шешу үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ елді мекен тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру үшін 5 млрд. 400 млн. теңге қаражат бөлетін болды. Мақала «Мұнайшылардың мұны сейілді» деген тақырыппен берілген.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Астанада болып қайтқан костарикалық дәрігерден хат келіп түсті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, костарикалық терапевт Каталина Скиптон жақында Астанада, Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта емдеу курсын алған өз пациентімен бірге болғанын жазады. Кедендік тексеру кезінде ол өзінің Қазақстанға жолы түскен Коста-Риканың бірінші азаматшасы екенін біледі. Каталина Скиптон өзінің Қазақстан елордасына таңқалғанын айтады. «Астана қаласы мені өзінің сәулеттік әсемдігімен, әдемі ландшафттық жоспарлануымен, ескерткіштерімен және ғимараттарымен тәнті етті. Мен өзімнің достарыма және әріптестеріме Қазақстанға баруға кеңес беремін», - деп жазады ол. Хат соңында терапевт Мемлекет басшысына Қазақстанда ең алдыңғы қатарлы медициналық технологияларды табысты енгізгені үшін алғыс білдіреді.