Алкогольді шектен тыс пайдалану — қылмыс деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі — ҚР ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Үкіметі жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ішкі істер министрі Ержан Саденов Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы шеңберінде алкоголь мәселесімен күресуге бағытталған шаралар туралы баяндады.
ҚР ІІМ Ержан Саденовтің айтуынша, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату ережелерін бұзу көрсеткіші 2 есеге өскен.
— Алкогольді шектен тыс пайдалану Қазақстандағы қылмыс деңгейіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып қалып отыр. Қылмыстардың айтарлықтай бөлігі, оның ішінде ауыр қылмыстардың жалпы санының 10%-ы және аса ауыр қылмыстардың 22,2%-ы мас күйінде жасалады. Әсіресе кісі өлтіру (59,4%), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (62,1%) және зорлау (32,4%) туралы мәліметтер алаңдатады, — дейді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, алкогольдің қолжетімділігін төмендетуге және оның теріс салдарын болдырмауға бағытталған бірқатар заңнамалық нормалар әзірленген:
- алкогольді онлайн сатуға тыйым салу;
- көңіл көтеру орындарының жұмысын сағат 02:00–ге дейін шектеу;
- алкогольді тек мамандандырылған сауда орындарында сату.
Этил спиртінің өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеуге қатысты тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізіліп, қазір қаралып жатыр.
— ІІМ Тұжырымдаманы іске асыру үшін «102» арнасына түскен сигналдар саны бойынша ойын-сауық орындарының рейтингін қалыптастырады. Бұл азаматтарға бос уақыттары үшін қауіпсіз орындарды таңдауға, ал әкімдіктерге шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ алкогольді сату фактілерін анықтау бойынша еріктілермен меморандумдар жасалды. Қазірдің өзінде нәтижелер бар. Алкогольді сату бойынша талаптардың — 2 880-ден 5 784 жағдайға дейін 2 есе көп бұзылуы анықталды. Мас күйіндегі адамдарды оқшаулау мақсатында медициналық айықтырғыштар желісі кеңейтілуде, — деді Ержан Саденов.
Жыл басынан бері Түркістан, Жетісу, Ақтөбе және Қостанай облыстарында 7 жаңа орталық ашылып, Шымкент пен Семей қалаларында медициналық айықтырғыштардың төсек-орындары ұлғайтылды. Астана мен Жамбыл облысында нысандардың толып кетуі байқалады, бұл оларды одан әрі кеңейту қажеттігін көрсетеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Ақтөбеде есірткі дайындап, адам өлтірген мектеп мұғалімі сотталды.