Алла Пугачева өз өлімі жайында ойлана бастады

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресей эстрадасының примадоннасы «о дүниесі» жайында ойлана бастаған секілді.

Алла Пугачева осыдан бірнеше күн бұрын Мәскеудегі Кузьмин моласынан өзіне өлгенде жерленетін жер сатып алған. Әйгілі әншінің анасы да осы қабірханада жерленгенін айта кетейік. Баспасөз беттерінде бұл жайындағы ақпарат біраз уақыт бұрын тараған болатын. Алайда, «Ритуал» мекемесінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың растығын күні кеше ғана растады. Бұл туралы BAQ.KZ жазады.

Баспасөз қызметінің басшысы Дмитрий Коробцовтың айтуынша, бұл әңгіме шындыққа жанасады және онда тұрған ешқандай оғаш қылық жоқ. Кез-келген саналы адам жасы келген сайын өзінің өлімі жайында жиі ойланады дейді Коробцов. Бұл жайындағы толық ақпаратты «Московский комсомолец» газеті жариялап отыр.
Туыстарының жанында жерлеу дәстүрі Ресейде ежелден қалыптасқан. Сондықтан примадоннаның бұл әрекетіне еш таңданудың қажеті жоқ. Оның үстіне, осынау молада Пугачеваның анасымен бірге әкесі және бауыры да жерленген екен. Ал, әншінің өзі болса бұл жайтқа байланысты әлі ешқандай пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір басылым беттерінде Алла Пугачева Иерусалимдегі көне еврей моласынан көр сатып алыпты деген хабар тараған еді.