Жақында Р.Рымбаева еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қолдау мақсатында Қостанай қаласындағы автокөлік құрастырумен айналысатын «АгроМашХолдинг Қазақстан» АҚ-ның зауыттарында болып, сондағы жұмысшыларға арнап шағын концерт өткізген болатын.
«Мен 3 күннің ішінде еліміздің 10 зауытында болып, ондағы істеліп жатқан жұмыс барысымен танысып, мүмкіндік болған жерде жұмысшыларға арнап ән де салдым. Бұрын еліміз мұнай, бидай және тағы басқа шикізаттарды экспорттайды деп ойлаушы едім. Алайда мемлекетіміздегі зауыттарға сапар жасау барысында біздің де өнеркәсіптер көрші елдермен бәсекелесе алатын сапалы тауарлар шығаратынына көзім жетті. Бізде өнеркәсіптер мен мекемелер жақсы дамып келеді, сондықтан қазақстандықтарға экономикамыз әлі де қарыштай түседі деп сенімді түрде айта алам», -дейді Р.Рымбаева.
AllurAuto автомобиль компаниясының Бас директоры Андрей Лаврентьев Роза Қуанышқызына автокөлікті үлкен мақтанышпен табыс ететіндігін айтады. «Р. Қуанышқызының сахнада жүргеніне биыл 35 жыл толады, сондықтан біздің мекемелерді аралаған әншілердің арасынан осы кісіні автокөлікке лайық деп таңдадық», -деп атап өтті өз сөзінде А. Лаврентьев.
Аталған компания Оңтүстік корейлік SsangYong Motors Corporation мекемесінің көліктерін 2010 жылдың тамызынан бастап құрауда. AllurAuto мекемесі қазіргі таңда SsangYong-Rexton, Kyron, Actyon, Actyon Sports сынды автокөліктің төрт маркасын өндіруде. Компания басшылары келешекте өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға ниетті екендіктерін білдірді.