Алма-Арасан шатқалына кіру ақылы болады
Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ұлттық саябақтың экологиялық ағарту және туризм бөліміне сілтеме жасап хабарлады.
Ұлттық паркта мәлім етілгендей, ақы №28 автобусы арқылы экобекетті тегін өтетін демалушылардан алынады. Енді автобус жолаушылары машинамен немесе жаяу келген қонақтармен тең дәрежеде 426,9 теңге төлейтін болады.
«Бұл сома екі бөліктен тұрады - 226 теңге (0,1 АЕК) ерекше қорғауға алынған табиғи аумақты пайдаланғаны үшін (ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 508-511-баптары) төленсе, 200 теңге - Ұлттық парктың қызметі үшін алынады. Оның ішіне туристік троп, тамашалау алаңдары, қоқыс тазалау, әжетхана және т.б. (ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің №328 бұйрығы). Қаржы төленгеннен кейін фискальды чек беріледі», - деп хабарлады Ұлттық паркте.
Бұл соманы толық төлеуден саябақтың аумағында саяжайлары бар немесе сонда тұратын жеке тұлғалар босатылған.
«Ұлттық паркте бірнеше санаттағы азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Студенттерге (студенттік билеті бойынша) 25%, зейнеткерлер (зейнеткерлік куәлігі бойынша) үшін 50 % жеңілдік бар. Мектеп оқушылары мен мүгедектер тек кіргені үшін - 226.9 теңге төлейді», - деп хабарлады Ұлттық паркте.