Alma Fest-2025: Жәрмеңкеге 50 фермер 100 тонна алма әкелді
АСТАНА. KAZINFORM — Alma Fest-2025 Алматы күніне орай 100 мыңға дейін қонақ қабылдайды. Дәстүрлі фестиваль биылда жалғасын тапты. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Шара қаланың мол өнімін және мәдени алуандығын бейнелейтін мереке ретінде Тұңғыш Президент саябағында өтті. Фестивальге Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
— Әдеттегідей саябақ аумағы ауқымды егін мерекесі мен ұлттық дәстүрлер алаңына айналды. Қонақтар үшін алма жәрмеңкесі, этноаймақ, қолөнер бұйымдарының базары, гастрономиялық алаңдар, спорттық жарыстар және түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 50 фермер шамамен 100 тонна алма әкелді. Күні бойы фестивальді 100 мыңға жуық адам тамашалайды деп жоспарланған, — деп жазды әкімдіктің ресми сайты.
Музыкалық бағдарламаны белгілі диджейлердің сэттері сүйемелдесе, мереке кешкі уақытта үлкен концерттік бағдарламаға ұласады. Сахнаға TURAR, Astra, Дос-Мукасан, Карина Абдуллина и Royals Band сынды танымал өнер жұлдыздары шығады.
Alma Fest-2025 — Алматының музыка, дәстүр, гастрономия және отбасылық демалысты бір арнаға тоғыстырған күздің ең жарқын оқиғаларының біріне айналмақ.
Айта кетейік, бұған дейін алматылықтар қала күнін атап өтіп жатқанын жазған болатынбыз.