Алмалы ауданында 400 балаға қайырымдылық көмегі көрсетілді

АЛМАТЫ. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімдігінде республикалық акция аясында «Мектепке барар жол» атты дәстүрлі қайырымдылық шарасы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Шараны Алмалы ауданы әкімдігі жаңа оқу жылының басталуына  және Конституция күні қарсаңына орай ұйымдастырып жатыр.Акцияда ауданның әлеуметтік жағдайы төмен 400-дей  отбасылардың балаларына, мүгедек, жетім балаларға қайырымдылық көмек ретінде мектеп сөмкесіне салынған қажетті заттар берілді.

 Жиында аудан әкімі баршаны келе жатқан Конституция күні мерекесімен құттықтап, осы шараға атсалысып, демеушілік көрсеткен аудан кәсіпорындарына алғысын білдірді.

 «Халқымыздың болашағы да, келешегі де - сіздерсіздер.Қазақта «Ердің баласы болма, елдің баласы бол», деген сөз бар. Мен сіздердің халық пен мемлекет, Отан алдындағы үмітті ақтайтын азамат болатындарыңызға сенімдімін. «Адамның бір қызығы -  бала деген», - деп ұлы Абай аталарың айтпақшы, Сіздер біздің сарқылмас байлығымызсыздар! Біз үлкендер сіздер үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Жаңа оқу жылын ыждағатпен бастап, жақсы оқып шығатындарыңа сенімдімін», деді Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков.

  Шара «Таңсәрі» балалар тобының концертімен жалғасты.