Алмасадам Сәтқалиев Бас прокуратураның айыптауына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет қабырғасында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аталған ведомство заң талаптарын бұза отырып, инвестициялар туралы келісім жобасының талаптарын уақытылы орындамады деген айыпқа қатысты пікір білдірді. Әңгіме Батыс Қазақстан облысындағы метанол өндірісі бойынша газ-химия кешеніне қатысты.

Фото: Kazinform

«Біз қуаты 120 мың тонна метанол өндіру жобасы туралы айтып отырмыз. Бұл жоба бойынша оператор «Жайық петролиум» компаниясы. Оны іске асыру шеңберінде ағымдық рәсімдерді шешу талап етіледі. Біріншіден, бұл жобаны дайындап, қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін кепіл базасын дайындау қажет. Қаржыландыруды ұйымдастыруды өнеркәсіпті дамыту қоры және Қазақстанның Даму банкі жоспарлап отыр, ол жерде де шешілмеген сұрақтар бар. Сол мәселелердің бірі – өнеркәсіптік режимдерді қолдану үшін тиісті комиссия құру», - деді Алмасадам Сәтқалиев БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Министр аталған комиссияны құрудың кешіккенін мойындап отыр.

«Дегенмен комиссияны құрудың кешігуі жобаны іске асыру барысына әсер еткен жоқ. Біз қызметкерлерді жүктеуге байланысты кідіріс фактісін растаймыз, бұл орындаушылық тәртіпке байланысты кейбір олқылықтар болуы мүмкін. Біз бұл жобаны толығымен қолдаймыз, іске асыру мерзіміне жоғарыда аталған факторлар әсер еткен жоқ және жоба операторымен тікелей жұмыс істейміз», - дейді ол.

Айта кетейік, кеше Бас прокуратура Энергетика министрлігінің жобаны инвестормен келісуді кешіктіргенін анықтаған еді. https://t.me/GenPr/3526

Бас прокуратура мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ (Task Force) бірлескен жұмысы шеңберінде Батыс Қазақстан облысында метанол өндірісі бойынша газ-химия кешенін салу жобасын іске асыратын отандық инвестордың проблемасы анықталды. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі заң талаптарын бұза отырып (15 жұмыс күнінің орнына) инвестициялар туралы келісім жобасы бойынша келіссөздер жүргізу жөніндегі комиссияны құру мерзімін 60 күнге дейін созған.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша жол берілген бұзушылықтар үшін Энергетика министрлігінің департамент директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.