Алмасадам Сәтқалиев: МАГАТЭ Абай облысында АЭС салу идеясын мақұлдады

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) Абай облысында АЭС салу идеясын мақұлдағанымен түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтты. 

— Ұлттық ядролық орталық халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Курчатовта атом станциясын салу мүмкіндіктеріне егжей-тегжейлі бағалау жүргізді. Ондай нысан салу мүмкіндігі расталды. Егер қандай да бір нақты жоспарлар туралы айтатын болсақ, мұндай жоспар үкіметтің жоспарларынан, энергетик балансының болжамынан, ұлттық электр желісін дамыту қажеттілігінен туындау керек. Әзірге Курчатовта атом станциясын салудың нақты жоспары жоқ. Мемлекет басшысының ғылым қалашығын құру туралы тапсырмасы бар, — деді Алмасадам Сәтқалиев Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.

Сондай-ақ, ол Курчатов келесі АЭС орны болып таңдалған күннің өзінде халық көкейінде Семей полигонынан қалған үрей ескерілетінін мәліме етті.

— Біз Абай облысындағы жоба әзірлеп жатсақ, соншалық қауіпті болып есептелмейтін, шағын және орта модульдік реакторлардың технологияларын пайдалану керек деп есептейміз. Бұл жағынан ашық, транспарентті рәсім бар. Қоғамдық тыңдау өткізу, ТЖМ қорытындысын алу, басқа уәкілетті мемлекеттік органдардың мақұлдауынан өту, АЭС түсетін орынды зерттеу, халықаралық сарапшылардың қорытындысын алу міндеті бар. Айтпақшы, МАГАТЭ осы орын бойынша мақұлдауын берді. Қазақстанның ешбір өңірінде жергілікті халықтың пікірін ескеруінсіз атом электр станциясының құрылысы басталмайды, — деді Сәтқалиев.

Бұған дейін Курчатов екінші АЭС салуға несімен қолайлы екеніне шолу жасаған едік