Алмасадам Сәтқалиев өз министрлігінің 1 млн теңгеге кресло сатып алуына пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат –Үкімет кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның 1 млн теңгеге кресло сатып алуына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздің министрлік млн теңгеге кресло сатып алғаны туралы ақпарат шықты. Мәліметті нақтылап айтып бере аласыз ба?» деп сұрады журналист.

Министрдің айтуынша, бұл - жоспарланған сатып алу шарасы.

«Мен бұл жерде қандай сенсация бар екенін білмеймін. 1 млн теңгеге орындығы қирап біткен қызметкерлерге 15 кресло сатып алынған. Сол ескірген орындықтарды ауыстырдық», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, ол сатып алынған әр креслоға 75 мың теңге төленгенін айтты.

«Бұл жоспарлы шара болатын. Қызметкерлерімнің қосымша беріп жатқан мәліметі бойынша 9 жыл бойы пайдаланылған креслоларды жаңаладық», - деді министр.