Алмат Ерманов Қостанай облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды

Фото: ҚР Жоғарғы соты

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев Қостанай облысының сот корпусына облыстық соттың жаңа төрағасы Алмат Ермановты таныстырды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты мәлім етті. 

Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, облыстың судьялары, сот жүйесінің ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, Сот әкімшілігі департаментінің өкілдері қатысты.

А.Мерғалиев өз сөзінде А.Ермановтың Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған бес жылдағы қызметін, сондай-ақ оның бірінші сатыдағы соттарда сот төрелігін жүзеге асырудағы, оның ішінде экономикалық сотта күрделі дауларды қараудағы 13 жылдық тәжірибесін атап өтті.

Жоғарғы Сот Төрағасы А.Ермановтың сот жүйесін дамытуға, заң үстемдігі мен әділеттілікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның сотқа деген сенім деңгейін арттыруға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Алмат Нұрмұратұлы Ерманов 1972 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.

1997 жылы Қорқыт Ата атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген.

1997-2000 жылдары Мемлекеттік тергеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша тергеушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде қызмет еткен;

2000-2008 жылдары — Қызылорда облысының Қармақшы аудандық сотының, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы;

2008–2020 жылдары — Қызылорда облыстық сотының судьясы, Атырау қалалық сотының төрағасы;

2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Азат Ізбасаров БҚО сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.