Алмат Нүкеновтің сөзінше, комиссия 2027 жылдың ортасына дейін мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлейді. Құжатта мемлекеттік органдардың қызметін қайта қарау, жасанды интеллектіні енгізу, кадр саясатын жетілдіру және мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру тетіктерін өзгерту көзделген.
— Реформа өзара сабақтас бірнеше ынталандыру шарасын қамтуға тиіс. Ең алдымен, қызметкерлердің нақты жұмыс жүктемесін, тапсырмалардың күрделілігін және әрқайсысының ортақ іске қосқан үлесін ашық бағалау қажет. Бағалау өлшемдері түсінікті, қабылданған шешімдер негізді, ал оларды қайта қарау мүмкіндігі қолжетімді болуы маңызды. Сондай-ақ мансаптық өсудің балама жолдарын дамыту керек. Мәселен, білікті сарапшы, заңгер немесе экономист міндетті түрде басшылық қызметке ауыспай-ақ, кәсіби деңгейі мен табысын арттыра алуға тиіс, — деді Алмат Нүкенов.
Бұған қоса сарапшы әлеуметтік кепілдіктерді кеңейтіп, кәсіби білімін жетілдіруге мүмкіндік берудің де маңызын атап өтті.
— Жаңа этикалық талаптар басшылар мен қызметкерлерге бірдей қойылуы керек. Бұл міндеттерді әділ бөлуге, әр маманның кәсіби қадір-қасиетін құрметтеуге және орынды бастамасын қолдауға қатысты, — деді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, Комиссия құрамына орталық мемлекеттік органдар, өңірлер, депутаттық корпус пен Қазақстан Халық Кеңесі өкілдерінің енуі басқарудың әр деңгейіндегі көзқарасты ескеруге жол ашады. Сондай-ақ ол жүйені жетілдіру жөніндегі нақты ұсыныстарды жинақтау үшін мемлекеттік қызметшілер арасында сауалнама жүргізуді ұсынды.
Қорытындылай келе, Алмат Нүкенов Әділетті Қазақстан құруда мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың да, мемлекеттік аппарат ішіндегі жұмыстың да әділ әрі тиімді болуы маңызды екенін айтты.
— Мемлекеттік қызметшіден кәсібилік, адалдық пен жауапкершілік талап ету орынды. Алайда қоғам да осы қасиеттер бағаланатын, қорғалатын әрі лайықты еңбекақымен ынталандырылатын жағдай жасауы керек. Сонда ғана мемлекеттік қызмет білікті мамандар үшін тартымды болып, реформаның нәтижесін әр азамат сезіне алады, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге жауапты комиссияның құрамын бекіткен еді.