Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға 500-ден аса маман тартылған

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Алматы-1 вокзалын жаңғырту жұмыстары 40%-ға орындалды, деп хабарлайды Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Көлік министрлігі

Алматы-1 теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға 500-ден астам маман тартылған, олар тәулік бойы екі ауысым режимінде жұмыс істейді.

— Бүгінде нысанның дайындық көрсеткіші 40%-ды құрайды. Атап айтқанда, шатырдан жаңбыр суын ағызу кәрізі орнатылып, сыртқы демонтаж, сыртқы витраждар мен инженерлік желілердегі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, аралдық перрон платформасының құрылысы және электрмен жабдықтаудың уақытша желілерін орнату жұмыстары аяқталды, — делінген хабарламада.

Нысанда шатырды орнату, металл қаңқаны күшейту, инженерлік желілерді, жылыту, желдету және автоматты өрт сөндіру жүйелерін монтаждау, сондай-ақ ішкі қабырғалар мен қалқаларды тұрғызу шаралары жалғасып жатыр.

Фото: Көлік министрлігі

Бұдан бөлек, вокзалды заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Сыртқы және ішкі витраж жүйелерін жеткізу және монтаждау іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, лифт және эскалатор жабдықтарымен, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелеріне арналған инженерлік жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары қамтылған.

Алматы-1 теміржол вокзалын реконструкциялау жобасын іске асыру нысанның эстетикалық және функционалдық сипаттарын жақсартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылық деңгейін арттырып, көлік инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етеді.

Осыған дейін Kazinform тілшісі жаңғыртудан кейін Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары қалай өзгеретінін анықтап көрді.