Алматы-1 теміржол вокзалының жанында жаңа Арбат ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы-1 теміржол вокзалы маңындағы аумақ абаттандырылады. Жаңарту жұмысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров вокзал алдынан басталатын Сейфуллин даңғылының бойында газон, ағаш пен бұта егу жұмыстары жүргізілгенін және автоматтандырылған суару жүйесі орнатылғанын атап өтті. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері, декоративтік элементтер боялып, жаңартылған.
- Бірнеше ай бұрын бұл жердің жабынын ауыстыруды бастадық, себебі күйі кетіп қалған болатын, тұрғындардан да шағым болды. Біз жабынды ауыстырып, суару жүйесін орнатып, көгалдандырып шықтық. Жалпы бұл жұмысты Алматы-1 вокзалы маңындағы барлық аумақпен қабаттастырып жүргізіп жатырмыз. Яғни, вокзалға іргелес көшенің бәрі абаттандырылып жатыр, - деді ол.
Сонымен қатар Бақытжан Ақжаров осы аудан бөлігінде жеке рекреациялық аймақ салынып, жаяу жүргіншілерге арналған көше жасалып жатқанын айтты.
- Кунгурский көшесі қараусыз қалған. Бұл жерге көбіне таксистер көлігін қойып кететін. Қазір оны жаяу жүргіншілерге арналған көше қылып, аудандағы шағын Арбат жасауды көздеп отырмыз, – деді аудан әкімі.
Жалпы 2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Түрксіб ауданы тұрғындарынан 625 ұсыныс келіп түскен. Дауыс беру нәтижесінде сомасы 2 миллиард теңге болатын 32 жоба таңдап алынды. Оның ішінде 10 жаяу жүргіншілер аймағы, 8 балалар және спорт алаңшасы, 5 автоматты суару жүйесі, 4 көше жарықтандыру жобасы және өзге бағыттар бойынша 5 бастама бар. Барлық жұмысты 2025 жылдың қазанына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы теміржол вокзалдары ҚТЖ-ның сенімгерлік басқаруына берілетінін жазғанбыз.