Алматы-2 вокзалына «тарих пойызы» келеді

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Алматы-2 вокзалының перронында сағат 11:00–ден 15:00–ге дейін «тарих пойызын» салтанатты қарсы алу рәсімі өтеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл пойыз сонау соғыс жылдарындағы майдангер батырларды қалай шығарып салып, қалай қарсы алғанын еске түсіруге мүмкіндік береді. Бұл шара ардагерлерді, оқушыларды, кадеттерді, қоғам белсенділерін және ел ерлігін жүрегінде сақтаған барлық азаматты біріктіреді.

Қонақтарды мазмұнды концерттік-театрландырылған бағдарлама күтіп тұр. Онда соғыс жылдарының әндері шырқалады, оқушылар майданнан келген хаттарды оқиды, актерлер сол кездің шынайы оқиғаларын баяндайды.

Іс-шараның шарықтау шегі — сол кезеңнің рухы мен көңіл-күйін жеткізетін хореографиялық қойылым болмақ.

— Іс-шара соңында барлығы бірігіп «Жеңіс күні» әнін орындайды. Бұл өткенге деген тағзым мен бірліктің белгісі, — деп хабарлады іс-шара ұйымдастырушылары.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда мереке мен демалыс күндері қайда баруға болатынын жазғанбыз.