Алматы агломерациясын басқару жүйесі қайта қаралуы мүмкін
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы агломерациясын дамыту жұмыстарын тек сәулет және қала құрылысы басқармасына жүктеу жеткіліксіз. Бұл туралы «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» жөніндегі кеңес отырысында айтылды.
Кеңес төрағасы Махаббат Бигелдиевтің сөзінше, қазір Алматы маңындағы елді мекендерде халық саны артып, жаңа құрылыс белсенді жүріп жатыр. Алайда бұл аумақтарда жол, су, жарық, интернет, мектеп, емхана, қоғамдық көлік секілді өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдар қажетті деңгейде дамымай келеді. Мәселені тек жоспарлау немесе құрылыс саласымен шешу мүмкін болмай отыр.
— Біз агломерация мәселесін тек құрылыс пен бас жоспар шеңберінде қарап келеміз. Бірақ бұл – жүйелі әрі салааралық сипаттағы жұмыс. Мұнда денсаулық сақтау, білім беру, инженерлік инфрақұрылым, көлік, байланыс сияқты түрлі басқармалардың міндеттері қиылысады. Сондықтан бұл жұмысты үйлестіретін нақты орган қажет, – деді кеңес төрағасы.
Осыған байланысты, кеңес мүшелері агломерациялық жобаларды үйлестіретін жауапты құрылым ретінде Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын қарастыруды ұсынды. Бұл басқарма түрлі саладағы басқармалармен жұмыс істеп, қажетті деректерді жинақтап, қаржыландыруды жоспарлау және іске асыру тетіктерін бір арнаға тоғыстыра алады.
Ұсынысты кеңес мүшелері қолдап, бұл мәселені облыс әкімдігі деңгейінде қарау қажет екенін жеткізді.
Ресми дерекке сәйкес, Алматы агломерациясының құрамына Алматы қаласымен қатар, Қонаев қаласы, Талғар, Іле, Қарасай және Жамбыл аудандары кіреді. Барлығы – 31 ауылдық округ пен 98 елді мекен. Халық саны 3,4 миллионнан асады.
— 2024–2028 жылдарға арналған кешенді даму жоспары аясында Алматы агломерациясында жалпы құны 3,37 трлн теңгені құрайтын 134 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 78-і – Алматы облысы аумағында. Бұл – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартудан бастап, көлік, экология, энергетика және цифрлық инфрақұрылымға дейінгі ауқымды шараларды қамтитын кешен,— деді ол.
Кеңес мүшелері, мұндай көлемдегі жобаларды сәтті орындау үшін салааралық үйлестіру күшейтілуі тиіс екенін жеткізді. Әйтпесе, жергілікті деңгейде басталған жұмыстар бір-бірімен байланыспай, кешігулер мен жүйесіздікке ұрынуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы Есік қаласының шекарасы екі есе ұлғайғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ мамандар Алматы қаласына алдағы жылдары Алматы облысынан жаңа аумақты қосу жоспарда жоқ екенін атқан болатын.