Алматы әкімдігі Алатау ауданы тұрғындары неге бір тәуліктен бері жарықсыз отырғанын түсіндірді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алатау ауданында 13 қараша кешке сөнген электр энергиясына қатысты жаңа мәлімет жарияланды.

Фото: Pixabay

Ауданның бірқатар шағынауданын жарықсыз қалдырған апаттың нақты себебі белгілі болды.

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдіктің хабарлауынша, жоғары кернеулі желілер «MAGNUM E-COMMERCE KAZAKHSTAN» ЖШС тапсырысымен жүргізілген газ құбырын көлденең бағытта бұрғылау жұмыстары кезінде зақымдалған. Бұл жұмыстарды МП «ГазЭнерджи» ЖШС орындаған.

Апат 13 қараша күні шамамен сағат 18:00-де тіркелген. Түні бойы апаттық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп, 00:15-те бірінші желі қалпына келтірілді, нәтижесінде бірқатар тұтынушыға жарық берілді.

Фото: Алматы әкімдігі

14 қараша таңертең Саялы, Ақбұлақ, Зерделі шағынаудандарында, сондай-ақ «Софья», «Арена Парк» және ішінара «Ақкент», «Дарабоз» тұрғын үй кешендерінде жарық қайта қосылды.

Ал қазіргі таңда Теректі (5 көше), Алғабас (5 көше), Ақкенттегі 10 үй, Нұркенттегі 14 үй жарықсыз отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

– Қазір зақымданған аумақта қазу жұмыстары жүріп жатыр. Жер қазу аяқталған соң мамандар муфта орнатып, желіні толық қалпына келтіруге кіріседі, - делінген хабарламада.

Әкімдік бүгін сағат 18:00-ге дейін электр қуаты толық беріледі деп уәде етті.

Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін 13 қараша күні 110 кВ № 124А және № 101А электр желілерінің апатты ажыратылуы тіркелгенін жазғанбыз.

Оқиға салдарынан бірқатар ірі қосалқы станция — ПС-162А «Алғабас», ПС-169А «Ақбұлақ» және ПС-123А «АТЭЦ-2» уақытша тоқтан ажыратылды.