Ведомство мәліметінше, таңертең жолаушылар автобусқа сыймай жатса, күндіз қоғамдық көлік жартылай бос жүреді. Сондықтан қалада автобустардың жұмыс кестесі өзгертілген. Атап айтқанда, күндіз жолаушылар азайған кезде автобустар саны қысқартылды. Ал таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта автобустардың жүру жиілігін арттыру жоспарланып отыр. Қажет болған жағдайда жолаушылар көп жиналатын бағыттарға қосымша автобустар шығарылады.
- Тасымалдаушылардың мәліметінше, қарбалас уақытта жолаушылардың 30%-дан астамы жолақысын төлемейді. Бұл жолаушылар ағынын есепке алуға және рейстерді жоспарлауға да әсер етеді. Қазір Алматыда желіге күн сайын 3 238 қоғамдық көлік шығады. Басты мақсат — автобустардың ең қажетті сәтте көп болуын қамтамасыз ету, - деп түсіндірді басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматылықтар арасында автобустарға қатысты сұрақ пен шағым жиілегенін жазғанбыз.