Қала прокуратурасының мәліметінше, 2004-2020 жылдар аралығында Алматы әкімдігі жалпы пайдаланудағы жерлерді тиісті тізімнен заңсыз алып тастап, билбордтарды орналастыру және оларға қызмет көрсету үшін жер учаскелерін сауда-саттықсыз жеке меншікке берген.
Осылайша, жер учаскелері жер заңнамасының талаптарын бұза отырып сатылған.
Алматы прокуратурасының ұсынуы негізінде Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа талап-арыз берген. Сот талап-арызды қанағаттандырды.
— Нәтижесінде жалпы аумағы 0,298 гектар болатын, жолдың бөлінген белдеуінде орналасқан жеке меншіктегі 649 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында 500 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлағанбыз.