Алматы әкімдігі Сайран көліндегі жұмыстарды кешіктірген мердігерді сотқа берді

Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары әлі де аяқталған жоқ. 

Осыған байланысты Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Сайран көлін абаттандыру жобасының бас мердігері – «Павлодарский речной порт» АҚ қатысты сотқа талап арыз түсірді. 

– Бүгінгі таңда шарт бойынша міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалмауына байланысты қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «Павлодарский речной порт» акционерлік қоғамын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа талап арыз берді, - деп мәлімдеді қала әкімдігі. 

Бұған дейін Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары мамырда аяқталатыны айтылған еді. 

Абаттандыру жұмыстары аяқталмаса да, 2 маусымнан бастап Сайран көліне су толтырыла бастады. 

Кейін Алматы әкімі мердігерге ескерту жасады. 

Еске салайық, 2023 жылы Сайран су қоймасының түбі 50 жылда алғаш рет тазартылды. Механикалық тазалау нәтижелеріне 142 мың текше метр лай және 23 тонна тұрмыстық қоқыс шығарылды.