Алматы әкімдігі ескі автобустарды қайта аукционға шығарды

Фото: Фото: e-auction.e-qazyna.kz

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда пайдалану мерзімі аяқталған қоғамдық көліктер тағы да сатылымға шығарылды. 

Электрондық аукцион порталында жарияланған лот сипаттамасына сәйкес, пайдалануға жарамсыз және істен шыққан деп танылған 573 автобус сатылымға шығарылды.

Фото: Kazinform

Қоғамдық көліктер Алматы облысына қарасты Қайназар ауылында, «Дархан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі тұрақта тұр.

Оның жалпы құны 93 314 747 теңге, осылайша бір автобустың бағасы 162 мың теңгеден аспайды.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Сатуға шығару туралы ақпарат 2025 жылдың 14 мамырында жарияланды. Өтінімдерді қабылдау 3 маусымда сағат 8:00–ге дейін ашық болады, ал сауда-саттықтың өзі сол күні сағат 10:00–де басталады.

— Көліктер тозығы жеткендіктен жөндеу мүмкін емес. Автобустар мен троллейбустардағы іші мен орындықтары зақымдалған немесе олар мүлде жоқ, — делінген бағалау есебінде.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Аукцион шарттарына сәйкес сауда-саттықтың жеңімпазы 60 күнтізбелік күн ішінде мүлікті өздері алып кетуге міндетті. Қажет болған жағдайда автобустарды металл сынықтары күйіне дейін бөлшектеу қоймадан тыс жерде жүзеге асырылуы тиіс.

Фото: e-auction.e-qazyna.kz

Айта кетейік, бұл автобустар бұған дейін 2025 жылдың 2 мамырында сатылымға шығарылған, алайда аукцион өтпеді

Еске салайық, осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіде қала маңында қаңтарылып тұрған 300 автобустың видеосы тараған болатын. 

Кейін Алматы әкімдігі «автобустар зиратына» қатысты пікір білдірген еді