Алматы әкімдігіне жаңа техника не үшін керек болды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы әкімдігі биыл бас-аяғы 100-ден астам жаңа техника сатып алуды жоспарлап отыр. Қалалық мәслихаттың кезекті XV сессиясында әкімдікке бұл техника не үшін қажет деген сауал қойылды. 

Фото: Алматы әкімдігі

Сессия барысында мәслихат депутаты Олжас Нұралдинов қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровқа сұрақ қойды.

«Әкімдік „Алматы Тазалық“ ЖШС үшін 32 арнайы техника алуға, „Алматы жылу желілері“ ЖШС-ға 57 автокөлік құралы мен арнайы технканы, „Eco Almaty“ ЖШС-ға 19 техника мен жабдық алу үшін қосымша қаражат бөлуді сұрады. Бұл техника алынған жағдайда не күтіледі, олар не үшін қолданылады? Сондай-ақ „Алматы тазалық“ мекемесінде бүгінгі күні қанша технка бар, олардың жағдайы қандай? Ескірген техниканы пайдаланудан шығару жоспарда бар ма, бар болса қандай көлемде?», — деген сұрақ қойды депутат.

Алматы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сұрақтарға жауап берді. Оның сөзінше, «Алматы тазалық» мекемесінде бүгінде 761 техника бар.

«Біздің қаладағы алаңдардың аумақтары өте үлкен екенін білесіздер. Оның үстіне техникалар тозады. Біз өткен жылы 24 техниканы пайдаланудан шығарсақ, биыл мерзімі өтетін тағы 29 техниканы есептен шығарамыз. Сонымен қатар, біз өткен жылдан бастап белсенді түрде мекеме паркінің техникасын жаңартуды бастадық. Әсіресе, тротуар техникасына ерекше назар аударып отырмыз. Электр тартқыш көліктерін сатып алдық. Бұл қоршаған ортаға зиянын тигізбейді», — деді Әлішер Әбдіқадыров.

«Алматы жылу желілері» ЖШС-да кей техниканың жарамдылық мерзімі 23 жылға жетеді.

«Олар арқылы апатты жағдайларды жоя аламыз. АлЖЖ-ның техпаркін жаңарту бізге пайдалану шығыны мен қалада көмірқышқыл газын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, штаттан тыс жағдайларға, апаттарға әрекет ету уақытын қысқартады. „Eco Almaty“ ЖШС-да жағдай сәл басқаша. Біз онда бұрын болмаған технканы алып жатырмыз. Мысалы, лай сорғыш машина өте керек. Сондай-ақ кәріз тазалау машинасы, шағын жүк тиегіштерді алып жатырмыз. Олар негізінен өзен арналарын шұғыл тазалауға керек. Біз бұл жұмыстың бәрін орындаймыз», — деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.