Алматы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының әкімінің орынбасары болып Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы тағайындалды.
Алматы әкімдігің сайтында қала әкімі орынбасарларының қатарына Нұрлан Әбдірахымның есімі енгізілген. Ол әлеуметтік сала, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларына жауап беретін болады.
Нұрлан Әбдірахым 1980 жылы туған. «Қайнар» университетін және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін бітірген. Заңгер, «Саясаттану» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолын 2001 жылы «Астанаэнергосервис» ААҚ-ында абоненттік учаскенің бақылаушысы болып бастады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде қызмет атқарып, жетекші маманнан департамент директоры және Зияткерлік меншік комитетінің төрағасына дейінгі лауазымдарды атқарды.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор және бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2023 жылы сәуірден осы уақытқа дейін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін Алмасхан Сматлаев Алматы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Оның алдында Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Олжас Смағұлов тағайындалды.