Алматы әуежайы «әскери жағдай енгізілді» деген ақпаратқа қатысты түсінік берді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайы «әскери жағдай енгізілгені» туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform

11 қаңтардан 12 қаңтарға қараған түні Алматы халықаралық әуежайынан ұшатын рейстер бірнеше сағатқа кешікті. Әлеуметтік желі қолданушылары бұған әскери әрекеттер себеп болғанын топшылаған. 

Фото: скрин

Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы халықаралық әуежайы бұл уақытта да штаттық режимде жұмыс істеген және қазір де қалыпты жағдайда қызметін жалғастырып жатыр. Алматының әуе кеңістігі жабылған жоқ.

– Әскери жағдайдың енгізілуі немесе әскери әрекеттер туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - делінген хабарламада.

Әуежай өкілдері қалған барлық сұрақ бойынша тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуді сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайының аумағынан 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап екі автобус бағыты жүретінін жазғанбыз.