Алматы әуежайы жөндеу жұмыстарына байланысты жолаушыларға ескерту жасады

Фото: Фото: Алматы әуежайы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 23 мамырдан бастап Алматы әуежайының ішкі рейстерге арналған Т1 терминалы алдындағы тұрақ алаңдарын жаңарту және асфальт жамылғысын ауыстыру жұмыстары басталады. 

Әуежай мәліметінше, жөндеу жұмыстары туристік полиция ғимараты мен пандусқа кіреберіс арасындағы тұрақ орындарын, сондай-ақ негізгі кіреберістен пандусқа дейінгі жолды қамтиды. 

– Жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіледі және жөндеу жұмыстары барысында тұрақ алаңының кейбір бөліктері жабылады. Барлық жұмыс маусым айының соңына дейін аяқталады. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, - деп мәлімдеді Алматы халықаралық әуежайы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайының маңында бір көше уақытша жабылатынын жазғанбыз.