Алматы әуежайында ер адам өзін өртемек болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайының ішкі терминалында ер адам өзін өртеуге тырысты.
Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, сағат 22:06-да ер адам әуежай кассасы маңында өзін-өзі өртеуге әрекет жасаған. Полиция қызметкерлері әуежайдың қауіпсіздік қызметімен бірлесіп шұғыл өртті сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Ер адам қалалық ауруханаға жеткізілді.
- Аталған дерек бойынша Көлік полициясы департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп, оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Еске салайық, биыл 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенді.
Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.
Бұл іс бойынша Машрапбек Баратов 11 жылға бас бостандығынан айырылды.