Алматы әуежайында шетел жұмысшылары неге қаптап кетті

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әуежайының жаңа президенті Гөкер Көсе мекемеде шетелдік жұмысшылардың көбеюіне байланысты сұраққа жауап берді.

2020 жылы мамыр айында түркиялық TAV Airports Holding холдингі Алматы әуежайы акциясының жүз пайызын 415 миллион долларға сатып алған болатын.

Сол уақыттан бері, әсіресе, жаңа терминал ғимараты ашылғалы әуежайда шетелдік жұмысшылар көбейген.

Мекеме басшысы Гөкер Көсе мұны іс-сапармен келетін жұмысшылардың болуымен байланыстырды.

— Әуежайда 3380 жұмысшы бар. Оның қаншауы шетелдік екенін нақты айту қиын. Өйткені кей шетел азаматтары уақытша жұмыс істейді де, сосын кетіп қалады. Біз жаһандық компаниямыз. Сондықтан әуежайда Франция, Үндістан, Түркиядан келген жұмысшыларды көруге болады. Бірақ іс-сапармен келетін жұмысшылар саны ауысып тұрады. Жұмыс тұрақтанған соң шетелдік жұмысшылар үлесі 20%-дан аспайды деп ойлаймын, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Президенттің Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалын аралағанын жазған едік.

Ал 1 маусым күні жаңа терминал алғашқы рейстерді қабылдады. 

14 маусым күні Алматы әуежайындағы барлық халықаралық рейстер жаңа терминалға ауыстырылды. 

Сондай-ақ Алматы әуежайының президенті жаңа терминалға айтылған сынға жауап берді.