Алматы әуежайында шетелдік жолаушы «багажымда бомба бар» деген

Фото: Александр Павский / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жолаушылар пойыздары мен әуе кемелерінен 900 адам түсірілді.

Сондай оқиғаның бірі 2 қыркүйекте Алматы әуежайының халықаралық рейстер тіркеу орнында болды. Көршілес елдің 18 жастағы азаматы әзіл ретінде багажында «атом бомбасы» барын айтқан. Ол бұл әрекетімен қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзды. Жас жігіт ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, жолаушылар мұндай әрекеттердің салдары қаншалықты ауыр болатынын көбіне түсіне бермейді.

Жыл басынан бері түрлі құқық бұзушылық жасаған 900 жолаушы пойыздар мен ұшақтардан түсірілген. Оның 489-ы – жолаушылар пойызынан, 411-і – әуе кемелерінен.

Ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар – алкогольді ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру. Сондай-ақ ұсақ бұзақылық, вагонда шылым шегу және өзге де заңбұзушылықтар тіркелген.

Көлік полициясы кез келген қорқыту немесе көлік құралдарында жағдайды ушықтыру әрекеттері қауіп төндіретінін және кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.

Еске салайық, жуырда Ақтау әуежайында «Ақтау–Шымкент» рейсінің жолаушысы ұшақта жарылғыш зат бар деп хабарлап, шамамен 200 адам эвакуацияланып, әуе кемесін арнайы қызметтер тексерген еді.