Алматы әуежайында тәулігіне 370 тонна жүк өңделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайында өңделетін жүк көлемі айтарлықтай артады.

Фото: Алматы әуежайының баспасөз қызметі

Нысанды басқаратын компания мәліметінше, 2026 жылы әуежайдың жүк кешені орта есеппен тәулігіне шамамен 370 тонна, аптасына 2 850 тонна және айына 11 600 тонна жүк өңдейді. Жылдық жүк көлемі шамамен 137 000 тоннаға жетеді деп болжанып отыр.

- Жүк операциялары халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады. Алматы халықаралық әуежайы фармацевтикалық өнімдерді өңдеуге қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын IATA CEIV Pharma сертификатына, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияның RA3 сертификатына ие, - деп хабарлады әуе айлағының баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта әуежайда қосымша 5 000 м² алаң құрылмақ. Бұл жүк кешенінің экспорттық қуатын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай әуежай жылдық жүк өңдеу көлемін 250 000 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Алматы әуежайының өкілдері жүк операцияларының өнімділігін одан әрі арттыру үшін сегізге дейін ULD жұмыс станциясын құру және 60-тан астам ULD авиациялық жүк контейнерлері мен паллеттерін орналастыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым қарастырылғанын атап өтті.

Еске салайық, Астана әуежайы тамызда 1,5 мың тоннадан астам жүк өңдеді.