Алматы әуежайында жүк перроны мен жаңа терминал арасы жалғанды

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайының L1 перронында жаңа рульдеу маршрутының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жаңа маршрут Халықаралық терминал перроны мен жүк перронын сапалы жол жабынымен байланыстырады.

— Аталған жаңа маршрут жолаушылар мен жүк рейстеріне қызмет көрсету жылдамдығы мен операциялық тиімділікті едәуір арттырады. Бұл әуежай инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды жоспарының алғашқы кезеңі ғана. Алдағы айларда жүзеге асырылатын басқа да ірі жобалар әуежай мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтеді, — деп хабарлады Алматы әуежайы.

Жаңа жол 6 қараша күні ресми түрде пайдалануға берілген. Оны алғашқы болып Куала-Лумпурден келген AirAsia әуекомпаниясы пайдаланды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайын басқарушы TAV Airports компаниясы әуе айлағын 2050 жылға дейін дамытудың бас жоспарын таныстырды.

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косенің айтуынша, әуе айлағына 2050 жылға дейін 5 кезең бойынша инвестиция салынады. 2025-2028 жылдар аралығындағы бірінші кезеңде әуежай инфрақұрылымына 362 млн АҚШ доллары жұмсалмақ. Оның аясында 130 жоба іске асырылады.